Әлемде шикізат бағасы қымбаттады
Әлемдік нарықта шикізат қымбаттап барады. Биыл тіпті мұнай мен газдан бастап, ауыл шаруашылығы өнімдері мен тыңайтқыштарға тапшылық байқалуы мүмкін, деп хабарлайды 24KZ.
Бұған геосаяси қақтығыстар, тасымалдағы іркілістер және климаттық өзгерістер әсер етіп жатыр.
Биыл әлемдік шикізат бағасы бірден 23 пайызға өсуі мүмкін. Бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымының жаңа баяндамасында айтылды. Ал Дүниежүзілік банктің болжамына сәйкес әсіресе энергетикалық ресурстар қымбаттайды. Мұнай қорының азаюы мен жеткізудегі іркілістерге байланысты отын құны 32 пайызға дейін көтерілуі ықтимал. Қаржы ұйымының бағалауы бойынша биыл Брент маркалы мұнайдың орташа бағасы барреліне 91 доллар шамасында болады. Ал былтыр бұл көрсеткіш 69 доллар еді. Енді мамандар: «Бірқатар ірі тұтынушы елдерде күннің күрт суытуы жылуға деген сұранысты арттырып, энергетикалық нарықтағы қысымды күшейтеді», - деп отыр.
Эндрю Педрини, Atmospheric G2 компаниясының метеорологі:
- Қыс мезгілі қарсаңында энергияға сұранысы жоғары бірнеше өңірде ауа температурасының бір мезгілде төмендеуі нарыққа қауіп төндіріп тұр. Қытайдың солтүстігінде қар жаууы мүмкін. Бұл жылуға деген сұранысты арттырып, күн энергиясын өндіру көлемін азайтады. Мұндай жағдай энергия дағдарысы күшейген шақта әлем елдері үшін алғашқы сынақ болмақ.
Биыл Кәрі құрлық елдерінде жағдай қиын. Қыс мезгілі тақағалы Еуропалық одақта энергия бағасы күрт өсті. Осыған байланысты халықтың коммуналдық төлемдерді өтеуі қиындаған. Бұл туралы Еуроодақтың энергетика жөніндегі комиссары Дан Йоргенсен Люксембургте өткен энергетика министрлерінің кездесуінен кейін мәлімдеді. Оның айтуынша, әзірге мұнай мен газ тапшылығы байқалмайды. Алайда Таяу Шығыстағы шиеленіс мұнай өңдеу зауыттарына және маңызды теңіз тасымалы бағыттарына кері әсер етіп отырғанын алға тартты. Энергия бағасы қақтығыстарға дейінгі көрсеткіштен шамамен үш есе қымбаттаған.
Дан Йоргенсен, Еуропалық Одақтың Энергетика жөніндегі комиссары:
– Кәрі құрлық үшін алдағы қыс мезгілі оңайға соқпайын деп тұр. Өкінішке қарай энергия бағасының жоғары болуына байланысты жыл сайын 50 млн-ға жуық адам үйін қажетті деңгейде жылыта алмайды. Биыл бұл көрсеткіш одан да жоғары болуы мүмкін. Қазір біз дизель отыны нарығындағы жағдайды барынша тұрақтандыруға күш салып жатырмыз. Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттер алдағы айларда стратегиялық қорлардан 42,6 млн баррель мұнайды нарыққа шығару туралы шешімге келді. Оның шамамен жартысы – дизель отыны.
Кейінгі уақытта әлем елдерін әбігерге салған Эль-Ниньоның салдарынан биыл қыс жұмсақ болады деген болжамдар да бар. Дегенмен бұл табиғи құбылыс астық түсімін азайтып, азық-түлік тапшылығын күшейтіп отыр. Дүниежүзілік банк ауыл шаруашылығы шикізатының құны шамамен 10 пайыз, ал тыңайтқыштар бағасы 14 пайызға өсуі мүмкін деген болжамын жариялады. Сарапшылар: «Жағдай тұрақталмаса алдағы жылы азық-түлік бағасы базалық болжамнан тағы 12 пайызға көтеріледі», - дейді.
Максвелл Сибхенсана, ФАО-ның Төтенше жағдайлар және тұрақтылық жөніндегі басқарма директорының орынбасары:
– Жауын-шашынның мол түсуі су тасқынына әкеледі. Бұл, өз кезегінде, егінге, малға, жайылым алқаптарын жарамсыз етеді. Яғни нарыққа жеткізілетін өнім азаяды немесе мүлдем болмай қалады деген сөз. Салдарынан өткір азық-түлік тапшылығы туындауы мүмкін.
Тапшылық байқалса, нарықта баға шарықтайды. Биыл әлемдік азық-түлік бағасы кейінгі 4 жылдағы ең жоғарғы көрсеткішке жетті. Бұл мәселе әсіресе Суданда өткір тұр. Елде азық-түлік 10 есе қымбаттаған. Онсыз да күнкөрісі қиын халық биыл егін бітік шықпады деп отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегінше, елде 19 жарым млн-ға жуық адам ас-судан тарығып отыр. Бұл елдегі бес тұрғынның екеуі ашқұрсақ деген сөз. Эль-Ниньо салдарынан астық өнімі 40 пайыз қысқарған. Ал суармалы жерлердің төрттен үші жарамсыз. Құрғақшылық салдарынан күшейген аштықпен күрес үшін қосымша 134 миллион доллар қажет.
Кеннеди Игбокуэ, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының Судандағы өкілі:
– Соғысқа Эль-Ниньоның салдары қосылып, жағдайды қиындатып жіберді. Былтырғы жылмен салыстырғанда астық өндірісі шамамен 40 пайызға азайды. Суару мәселесі де өткір тұр. Қазір суармалы жерлердің 75 пайызы пайдаланылмайды.
Осылайша, геосаяси қақтығыстар мен климаттық өзгерістер әлемдік шикізат нарығына қысым түсіріп отыр. Мұнай мен газ бағасының өсуі энергетикалық шығындарды арттырса, құрғақшылық пен су тасқыны азық-түлік өндірісіне қауіп төндіруде. Сарапшылар: «Жағдай тұрақталмаса, алдағы уақытта бұл үдерістер инфляцияны үдетіп, әлем бойынша халықтың тұрмыс деңгейіне кері әсер етеді», - дейді.
Авторы: Нұрбике Жігер