Америкада қару-жарақ таусылды ма?

Дональд Трамп шегінді.

Кейінгі бірнеше күнде Иранға шабуыл тоқтады. Ақ үй мұнысын келіссөз жүргізуге мүмкіндік беру үшін қажет дейді. Ал сарапшылар Құрама Штаттардың оқдәрісі таусылды деген пікір де айтып жатыр. Бірақ бұл тұспалдың да жаны бар. Өйткені мұның алдында президент Трамп елдегі қару-жарақ өндірісін жеделдету керек деп шегелеп айтқан болатын. Бұдан бөлек өткен аптада Қорғаныс министрі Пит Хегсет Пентагонға тағы 87 млрд доллар қаржы сұрады.

Осыған қарағанда Пентагон шынымен қауқарсыз ба? Әлде бұл үлкен дауыл алдындағы тыныштық па? Себебі дәл қазіргі кезде АҚШ-қа Израиль премьері, сосын кеше ғана Каспийдегі Иран танкерін атқылаған Украина басшысы барып, кеңес құрып жатыр.

АҚШ-тың қару-жарағы таусылуға шақ тұр ма?

АҚШ үкіметі ұсынған кейінгі деректерге сүйенсек, Вашингтон Иранға қарсы соғыста 37,5 миллиард доллар шығынға батты. Қаражаттың басым бөлігі қару-жараққа жұмсалған. 8 сәуірде күшіне енген бітімге дейін америкалық әскер Иран аумағындағы 13 мыңнан астам нысананы атқылады. 

Дәл осы кезеңде Құрама Штаттардың әуе қорғаныс жүйелері Иран ұшырған 1700-ден астам ұшқышсыз басқарылатын аппарат пен баллистикалық зымыранды қағып түсірді. Қазіргі уақытта АҚШ келіссөздерді жалғастыруға мүмкіндік беру үшін шабуылдарды уақытша тоқтатты. Алайда, The New York Times басылымының мәліметтеріне сүйенсек, Дональд Трампқа қақтығысты, әзірге, ушықтырмауға кеңес берілген. Өйткені елдің қару-жарақ қоры сарқылуы мүмкін. Апта басында Трамп бұл ақпаратты жоққа шығарды. Оның сөзінше, елде қару тапшылығы байқалмайды. 

Дональд Трамп, АҚШ Президенті:

- Бізде әртүрлі үлгідегі қару-жарақ қоры мол. Көлемі жеткілікті, оларды кез келген жағдайда пайдалана аламыз. Бірақ мен қару-жарақ көлемін одан әрі арттырғым келеді. Сондықтан өндірісті ұлғайтып жатырмыз. Әсіресе, Patriot әуе қорғанысы жүйелері көптеп өндіріліп жатыр. Жаңа зауыттар салынуда. Сондықтан бізде жағдай қиын деп айтуға келмейді. 

Пентагон шынымен қауқарсыз ба?

Оқдәрінің қанша көлемде жұмсалғаны және қолда бар қорлар туралы нақты мәліметтер құпия сақталады. Дегенмен, Канаданың Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығы талдау жасап көрді. АҚШ құрлықтағы нысандарға жоғары дәлдікпен соққы беру үшін Томагавк зымыранын ең көп қолданған. 

Бұл, әдетте, кеме немесе суасты қайықтарынан 1600 шақырымнан астам қашықтыққа дейін ұшырылады. Сарапшылардың бағалауынша, әскери операция барысында Вашингтон бас--аяғы 1 мыңнан астам Томагавк зымыранын пайдаланған. Олардың қоры соғысқа дейінгі деңгейге тек 2031 жылға қарай ғана жетуі мүмкін. Ал әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерінің ішінде Patriot жүйесі кеңінен пайдаланылды. Бұл – ұшақтарды, сондай--ақ баллистикалық және қанатты зымырандарды жоюға арналған зымыран. Қақтығыс барысында қолда бар 2330--ға жуық зымыранның шамамен 1430--ы пайдаланылған. Зымыранның құны шамамен 4 миллион доллар. Қымбат болғанымен, Иранның ұшқышсыз басқарылатын аппараттарын сәтті қағып түсіруде тиімділігін дәлелдеген қорғаныс құралы.

ЦИТАТА

Марк Кансиан, CSIS аға кеңесшісі

Өндіріс мерзімі қарудың нақты түріне байланысты. Дегенмен, жалпы алғанда бір зымыранды жасап шығару үшін бес жылға дейін уақыт кетеді. Бұл үдерісті жеделдету мүмкін емес. Қазір 2023 жылы қаржыландырылған зымырандар қолданысқа беріліп жатыр.

Дегенмен, АҚШ кейінгі аптада Таяу Шығыстағы әскери қорғанысын күшейтті. Аймақтағы әуе базаларына 80-ге жуық әскери ұшақ жіберді. Сондай-ақ жанармай құюшы ұшақтарының санын едәуір арттырды. Олар жойғыш ұшақтардың жауынгерлік тапсырмаларды ұзақ уақыт орындауын қамтамасыз етеді әрі Еуропадан қосымша әскери ұшақтар жеткізуге демеу болады. Алғашқыда Франция, Италия сынды елдер әскери базаларын ұсынуға қарсы болғанымен, қазір Еуропаның бірқатар елі Құрама Штаттарға қолдау көрсетіп отыр. Германиядағы медициналық орталыққа 150-ден астам дәрігер келген. Бұл госпиталь Таяу Шығыстағы әскери іс-қимылдар кезінде жараланған американдық әскери қызметшілерге медициналық көмек көрсетеді. Ал сарапшылар Пентагонның қару-жарақ қоры азайса да алаңдауға негіз жоқ дейді. Себебі Иранның да әскери шығыны орасан. 

ЦИТАТА 

Джейсон Бродски, UNITED AGAINST NUCLEAR IRAN Ұйымының саяси мәселелер жөніндегі директоры

АҚШ Иранның қорғаныс-өнеркәсіптік базасын айтарлықтай әлсіретті. Иранның өзіне қажетті зымырандарды, ұшқышсыз ұшу аппараттарын және басқа да қорғаныс жүйелерін кең көлемде өндіру мүмкіндігі азайды. Тегеранның қолында қалған қару-жарақ қоры қазір Ормуз бұғазындағы кемелерге қауіп төндіруге бағытталып отыр. 

Д. Трамп пен Б. Нетаньяху кездесті

АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуды Ақ үйде қабылдады. Алдымен Иран жайын талқылады. Тараптар Ислам мемлекетінде ядролық қарудың таралуына жол бермеуге уағдаласты. Айта кету керек, Трамп екінші президенттік қызметі барысында Нетаньяхумен 8-рет кездесіп отыр.

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

- Біз күн тәртібіндегі басты мәселелерді талқылаймыз. Әрине ең алдымен, Иран жайы сөз болады. Біздің басты мақсатымыз өз қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету. Премьер-министр ретіндегі тәжірибеме сүйене отырып айтарым, осындай күрделі кезеңдерде біз батыл әрі байыпты әрекет етуіміз қажет. 

2023 жылы Орталық барлау басқармасының директоры Уильям Бернс Қытай Тайваньға 2027 жылы шабуылдауға дайын болады деп ескерткен. Енді Тайваньды қару-жарақпен қамтамасыз етіп келген Вашингтон бұл қақтығысқа араласа ма, жоқ па, белгісіз. "Дегенмен, Иранға қарсы соғыстан аман шыққанымен Тынық мұхитында жанжал басталып, қауіп төніп жатса, Құрама Штаттар қиын жағдайда қалуы әбден мүмкін" дейді сарапшылар.