Жаһандық сауда тығырыққа тірелді

13 мемлекет Сауд Арабиясымен күш біріктірЕді. Бұлардың мүддесі - Баб-эль-Мандеб бұғазы, Қызыл теңіз және Аден шығанағында қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Бұл құрамда қазір Таяу Шығыстағы елдерден бөлек ЕуроОдақ, Түркия, Пәкістан және Африка елдері бар. Бірақ Біріккен Араб Әмірліктері мен Оман бұл келісімнен қалыс қалып отыр. 

Қазір Үнді мұхитына шығатын Таяу Шығыстағы су жолдарын Ормуз бұғазындағы текетірес тежеп тұр. Сол себепті осы аймақтағы өзге жолдарға ие болу маңызды. 

Әлем елдерін тағы бір энергетикалық дағдарыс күтіп тұр. Сарапшылар осыны ескертеді. Өйткені қазір бір мезгілде үш негізгі теңіз сауда бағытытында қозғалыс бәсеңдеген. Ормуз бұғазымен қатар Суэц каналы, Баб-эль-Мандеб бұғазында да бақылау күшейді. Ал бұл бағыттар арқылы өтетін мұнай саудасының көлемі әлемдік мұнай айналамының шамамен төрттен біріне тең. Қызыл теңіздегі кеме қозғалысы кейінгі бірнеше айда күрт баяулады. Хуситтер бақылауды күшейткелі бері небәрі 11 кеме жүрген. Осыдан 6 жыл бұрын Баб-эль-Мандеб бұғазы арқылы тәулігіне 70-тен астам кеме өтетін. Ал Суэц каналы басқармасының мәліметіне сүйенсек, канал арқылы өтетін кеме ағыны 2023 жылмен салыстырғанда 52%-ға азайып, кейінгі 50 жылдағы ең төменгі деңгейге түскен.  

Навин Дас, KPLER сараптамалық компаниясының сарапшысы:

- Кейбір жүк тасымалдаушылар тәуекелге барып, Баб-эль-Мандеб бұғазы арқылы тасымалды жалғастыруы мүмкін. Алайда жүк ағынының солтүстікке, яғни Суэц каналы арқылы қайта өтуі тиімдірек. Бірақ бұл Азияға энергия ресурстарын жеткізу уақытын едәуір ұзартады. Себебі кемелер Жерорта теңізі, Африка және Үміт мүйісі арқылы айналып өтуі қажет. Бұдан тасымалдау мерзімі екі есе ұлғаяды. Сонымен қатар энергия ресурстарын шағын партиялармен тасымалдауға тура келеді. Өйткені ірі кемелер Суэц каналы арқылы өте алмайды. Бұл өз кезегінде жүк көлемінің азаюына, тасымалдау шығындарының артуына әкеледі. 

Хуситтер кемелерден төлем алуы мүмкін 

АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыс хуситтерге Сауд Арабиясына деген өшпенділігін көрсетуге жақсы сылтау болғандай. Қарулы топ 2014 жылы Йемен астанасы Сананы басып алғаннан кейін, Сауд Арабиясымен текетіреске көшті. 20 шілдеде хуситтер Қызыл теңізде блокада жариялады. Олар Сауд Арабиясы 12 жыл бойы Йеменге "әділетсіз қысым көрсетіп, елдің табиғи ресурстарын иемденіп, құрлық, теңіз және әуе арқылы порттар мен әуежайларға жан-жақты блокада орнатып келді" деп есептейді. Содан бері бірқатар кемелер мен мұнай инфрақұрылымдары шабуылға ұшырады. 2023 жылы Израильдің Газа секторына жасаған шабуылдары кезінде де хуситтер Израильге қатысы бар кемелерге шабуыл жасап, Баб-эль-Мандеб бұғазы арқылы өтетін халықаралық кеме қатынасына тосқауыл болған. 

Навин Дас, KPLER сараптамалық компаниясының  сарапшысы:

- Түптеп келгенде, бұл қосымша шығындардың барлығы тұтынушылардың мойнына жүктеледі. Сондай-ақ Баб-эль-Мандеб бұғазы арқылы дизель отынының едәуір көлемі тасымалданатынын ескерген жөн. Дизель көптеген өндірістік үдерістерде кеңінен қолданылады. Сондықтан өндіріс шығындары өсіп, соның салдарынан тұтынушылар үшін дайын өнімнің бағасы да қымбаттайды. Егер бұл бұғаттау бір-екі аптаға ғана созылса, оның ең ауыр салдарынан құтылуымыз мүмкін. Алайда ол үш аптадан бір айға дейін жалғасатын болса, экономикалық зардаптары айқын сезіле бастайды.

Енді хуситтер Қызыл теңіз арқылы өтетін кемелерден төлем алуды жоспарлап отыр. Йеменнің ақпарат министрі бұл хабарды растап, бастамаға Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусының қатысы бар екенін мәлімдеді. Оның айтуына қарағанда, арнайы бөлімше құрылып, кемелерден төлем жинаумен айналысуы мүмкін. Алайда бұл жүйенің қашан іске қосылатыны әзірге белгісіз. Халықаралық теңіз құқығына сәйкес Ормуз және Баб-эль-Мандеб сияқты табиғи бұғаздарға шекаралас мемлекеттер баж салығын енгізе алмайды. Дегенмен кейбір қызметтерге, мысалы айлаққа тоқтау немесе сақтандыру қызметтеріне ақы алуға рұқсат етіледі. 

Азияда энергетикалық дағдарыс күшейеді

Бұл жағдай жаһандық сипатқа ие болғанымен, ең ауыр салдарын Азия елдері сезінеді. Еуропамен салыстырғанда Азия мемлекеттері Ормуз бұғазы арқылы баратын энергия ресурстарына көбірек тәуелді. Шабуылдарға дейін мұнай импорты бойынша көрсеткіштер Жапонияда – 94%, Филиппинде – 96%, Вьетнамда – 87%, Таиландта– 74%, Оңтүстік Кореяда – 69% болды.

Қазір Ормуз бұғазындағы шектеулерге қарамастан, Малайзия жағалауындағы суларда Иран мұнайының саудасы тоқтаған жоқ. Өткен сенбіде Humanity атты ирандық мұнай танкері Малакка және Сингапур бұғаздары арқылы өтіп, кейін Малайзия жағалауына қарай солтүстік-шығыс бағытқа бұрылған. Артынша кеме өзінің автоматты сәйкестендіру жүйесін кенеттен өшірген. Спутниктік бақылау деректеріне сәйкес, ұзындығы 330 метр болатын бұл мұнай танкері Малайзияның Шығыс сыртқы порт аймағына жеткен. Бұл аумақ Оңтүстік Қытай теңізінде орналасқан, көлемі шамамен 1 200 шаршы шақырымды қамтиды және жағалаудан 70 шақырымдай қашықтықта орналасқан.

Навин Дас, KPLER сараптамалық компаниясының  сарапшысы:

- Әлемдік нарықтар мен жаһандық экономика қазіргі жағдайға барынша сақтықпен қарауы керек. Соғыс басталған кезде белгілі бір деңгейде тым сабырлы көзқарас қалыптасты. Қазір қақтығысқа төрт-бес ай болды. Соғыс басталғанға дейін ықтимал зардаптарды азайтуға мүмкіндік берген қорғаныс тетіктері біртіндеп әлсіреп келеді. Жүйедегі резервтер азайды. Сондықтан шиеленістің жаңа кезеңінде нарықтар мен әлемдік экономиканың алаңдаушылығының күшеюі – заңды құбылыс.

Бір ғана Ормуз бұғазының іс жүзінде жабылуы әлемдік шикі мұнай тасымалының 34%-ына және сұйытылған табиғи газ жеткізілімінің 19%-ына әсер етті. Енді Қызыл теңізде жағдай ушығатын болса, жаһандық энергетикалық дағдарыстың күшею қаупі бар.