Қақтығыс құрсауындағы Қырым
Соғыс қырымдықтарды тығырыққа тіреді. Ресейлік ақпарат құралдарының хабарлауынша, жергілікті тұрғындардың жағдайы ұрыс қимылдары жалғасқан сайын нашарлап барады. Электр жарығы мен су өше береді. Мұқтаж жандарды тамақтандыру үшін далада асханалар құрылған. Кәсіпорандардың жұмысы генераторларға қарап қалды.
Қырым тұрғындары электр қуаты мен судың жиі өшуі үйреншікті жағдайға айналғанын айтып шағымдануда. "Россия 1" телеарнасының тілшісі Елена Ерофееваның хабарлауынша, түбек электр инфрақұрылымына жасалған шабуылдар салдарынан өте ауыр жағдайға тап болған. Төтенше жағдай жарияланды. Теміржол қатынасы да қиындаған. Тамақ кәдімгі ошақ пен газ оттықта пісіріледі. Халық генераторлардың дарылдаған дауысына да көндіккен. Телефонын қуаттау үшін сағаттап күтеді. Тұрғындар мұқтаж адамдар үшін көмек жинап жатыр.
Кезекте ұзын саны 30 адам тұр. Көбі – зейнеткерлер мен балалар. Қырым тұрғындары 2 аптадан бері жарықсыз және ыстық сусыз өмір сүріп жатыр. Суды тек осы жерде ғана қайнатады. Ол термосқа құйылып, тұрғындарға таратылады.
Қ. Тоқаев Мәскеу мен Киевті келіссөзге шақырды
Қырым тұрғындарын тығырыққа тіреген дағдарысты еңсеру үшін саяси шешім қажет. Халықаралық деңгейде қақтығысты реттеу және дипломатияға бет бұру мәселесі жиі көтеріліп жатыр.
Жақында Омбыда өткен кездесуде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұрыс қимылдарын тоқтатуды және келіссөздер үстеліне оралуды қарастыруды ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бүгін өз пікірімді білдіруді жөн көрдім. Себебі адамдар менің Омбыға жоспарлы сапарымнан, Сізбен кездесуімнен хабардар. Тығырықтан қалай шығу керек екенін ешкім білмейді. Қос тараптың өз ұстанымы бар. Әйтсе де, осы алауыздықты уақытша доғаруға болады. Бұл – сынақтан өткен халықаралық тәжірибе, амал. Өкінішке қарай, өрімдей жастар құрбан болып жатыр. Олар – бауырлас Ресей мен Украина халықтарының келешегі. Сондықтан мұның бәрін тоқтату керек. Өйткені менің ойымша, қазіргі болып жатқан жағдай Ресей және Украина мемлекеттерінің дұшпандарына ғана тиімді.
Қасым-Жомарт Тоқаев атап көрсеткендей, тараптар Ыстамбұл форматындағы келіссөздерге оралғаны дұрыс. Қазақстан президенті саяси диалогтың нақты осы түрі өз тиімділігін дәлелдеген және қақтығысты бейбіт реттеуге негіз бола алады деп есептейді.