Ливанда дағдарыс білім саласын тұралатты
Ливандықтар үшін білім алу мұңға айналды. Израильмен қақтығыс салдарынан ел экономикасы шатқаяқтап, дағдарысқа ұшырады. Әрең күнелтіп отырған халық, баласын мектепке жібере алмай дал.
Ливанда мектептер қайта ашылды. Бірақ мыңдаған отбасы сабаққа бара алмай отыр. Елдң қымбатшылық жайлап алды. Азық-түліктен бастап, оқу құралдарына дейін бағасы удай. Зерттеу мәліметі бойынша, жоғары деген жалықының өзі 300 доллардан сәл ғана асады. Ал бір балаға арналған мектеп тауарларының жиынтығы кемінде 500 доллар тұрады. Отбасылар не істерін білмей дал.
Сара Фрейдж, Бейрут тұрғыны:
- Өміріміз үшін ең зәру заттарды ғана ойлауға шамамыз жетіп жүр. Балаларымыз білім ала алмай қала ма деген уайым басым. Әбден басымыз қатты.
Ливанда экономикалық дағдарыстың басталғанына жеті жылдың жүзі болды. Ұлттық валюта құнынан мүлде айырылып, көбік ақшаға айналған. Елде кедейлер саны көбейді. Израильмен арадағы қақтығыс та жығылғанға жұдырық болды. Инфрақұрылым қирады, тауар жеткізу тізбегі үзілді, таршылық күшейді. Ливандағы инфляция әлемдегі ең жоғары деңгейге жеткен.
Жихад Әл-Хокайем, экономист:
- Елдегі инфляция бір жылдың ішінде бірден 17 пайызға көтерілді. Әйтпесе әлемнің көптеген елінде ол 3 пайыз шамасында ғана ғой. Өмір сүру қиындады.
Ливан ұзақ уақыт бойы осы аймақтағы ең білімді елдердің қатарында еді. Енді бұл көрсеткіш бұлдыр сағымға айналды. Сарапшылар: «Білім деңгейі төмендеген ұрпақ түрлі рухани дертке бой алдыруы мүмкін», - деп қауіптенеді.
Авторы: Ернат Рахметолла