АҚШ-та босану арқылы азаматтық алуға тыйым салынды

Фото: depositphotos.com

АҚШ президенті Дональд Трамп шетел азаматтарының елге баласын дүниеге әкеліп, оған АҚШ азаматтығын алу мақсатында келуіне бағытталған «босану туризміне» тыйым салатын жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды 24KZ.

Ақ үй аппараты басшысының орынбасары Стивен Миллердің айтуынша, жаңа құжат туу арқылы азаматтық алу құқығын пайдалана алмайтын тұлғалардың тізімін кеңейтеді.

Оның сөзінше, аталған санатқа АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретін шетел азаматтары, шетелдік террористік ұйымдардың мүшелері және өзге мемлекеттердің мүддесі үшін әрекет ететін адамдар енгізілген.

Сонымен қатар жарлықпен алғаш рет федералдық деңгейде «босану туризміне» тыйым салынды. Ақ үйдің мәлімдеуінше, бұл шара АҚШ аумағында осындай сапарлар кезінде дүниеге келген балалардың автоматты түрде америкалық азаматтық алуына жол бермеуге бағытталған.

Стивен Миллер бұл шешімді тарихи қадам деп бағалап, жаңа ережелердің туу арқылы азаматтық беру тетігін негізсіз пайдалануға тосқауыл қоятынын мәлімдеді.