Таиландтағы мектепте болған атыстан мұғалімдер мен оқушылар қаза тапты
Таиландтағы мектептердің бірінде болған қарулы шабуыл салдарынан жеті адам қаза тауып, тағы 15 адам жарақат алды, деп хабарлайды 24KZ Thai PBS ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға Бангкок қаласының солтүстігіндегі Нонтхабури провинциясының Банг-Круай ауданында орналасқан Debsirin Nonthaburi мектебінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, оқ атқан – осы мектептің оқушысы. Ол шабуылдан кейін өз-өзіне қол жұмсаған.
Қаза тапқандардың қатарында үш мұғалім, үш оқушы және шабуыл жасаған жасөспірім бар. Тағы екі адамның жағдайы ауыр.
18 жастағы оқушылардың бірі алғашқыда атылған оқтың дауысын петарда жарылысы деп ойлағанын айтты.
Алғашында бұл атыс екенін түсінбедім. Бірінен соң бірі көп оқ атылды. Кейін тынышталып қалғандай болды, бірақ араға уақыт салып қайта басталды, – деді ол.
Таиланд премьер-министрі Анутин Чанвиракун жауапты мемлекеттік органдарға зардап шеккендерге барлық қажетті көмекті көрсетуді және оқиға орнына жедел баруды тапсырды. Сондай-ақ ол қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты.
Үкімет басшысы елде қару сақтау мен алып жүруге берілетін рұқсаттарды ұзарту тәртібінің қатаңдатылуына дәл осындай қайғылы оқиғалар себеп болғанын атап өтті.
Ал Білім министрі Прасерт Чантараруангтхонг Базалық білім беру комиссиясының басшысына оқиға орнына барып, зардап шеккендерге көрсетіліп жатқан көмекті бақылауды тапсырды. Министрдің өзі де Нонтхабури провинциясына аттанған.
Жергілікті әкімшілік мәліметінше, 2025 жылы аталған мектепте шамамен 3 100 оқушы білім алып, 147 мұғалім еңбек еткен.