Канадада төтенше жағдай жарияланды

Канадада орман өрті ырық берер емес. Керісінше, күн санап өршіп барады. Британиялық Колумбия провинциясында төтенше жағдай жарияланды. 

Жергілікті "Си-Би-Си" телерадиокомпаниясының хабарлауынша, жағдай бақылаудан шығып, алапат өрт 9 жарым мың гектар аумақтағы жасыл желекті жалмап үлгерген. Бүгінде 20 мыңнан астам тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Саммерленд қаласының мэрі бірнеше шаруаның зардап шеккенін мәлімдеп, халықты бұдан да қиын сынаққа дайын болуға шақырып отыр. Жалпы, жыл басынан бері бүкіл ел бойынша 4 млн гектар жердегі ағаш күлге айналды. Қазір канадалық құтқарушыларға Мексика, Аустралия, Франция мен Жаңа Зеландиядан барған өрт сөндірушілер көмектесіп жатыр.