Францияның оңтүстік-шығысында 400-ден астам өрт сөндіруші тілсіз жаумен күресіп жатыр
Францияның оңтүстік-шығысындағы Дром департаментінде бір аптаға жуық уақыт бойы жалғасып келе жатқан өртті әлі де толық сөндіру мүмкін болмай отыр, деп хабарлайды 24KZ Anadolu ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, елдегі өрттердің басым бөлігі бақылауға алынған. Алайда Дром департаментіндегі Дьюа қаласында өрт осы уақытқа дейін шамамен 400 гектар аумақты шарпыған.
Өртті сөндіру жұмыстары барысында төрт өрт сөндіруші жеңіл жарақат алған. Қазіргі уақытта тілсіз жаумен күреске 400-ден астам өрт сөндіруші, сондай-ақ төрт тікұшақ және амфибиялық ұшақ жұмылдырылған.
Буш-дю-Рон департаментінің Фонвьей қаласындағы өрт кеше бақылауға алынды.
Францияның Meteo-France метеорологиялық қызметі елдің 17 департаментінде өрт шығу қаупінің жоғары деңгейін жариялады.
Сонымен қатар Meteo-France жаңа ыстық толқынының басталғанын хабарлап, 22 департаментте температураға байланысты «қызғылт сары» деңгейдегі ескерту жариялады.
Биыл Франция тарихындағы ең ауқымды өрт қаупі маусымдарының бірін бастан өткеріп жатыр. Қазірдің өзінде өрт салдарынан 117 мың гектар жер жойылған.