Араб теңізіне экологиялық апат қаупі төніп тұр
Араб теңізіне экологиялық апат қаупі төніп тұр. Өйткені Оман жағалауына төгілген мұнай жайылып барады. Судағы қара дақтың аумағы 800 шаршы шақырымға дейін ұлғайған.
2 ай бұрын бортында жарылыс болған танкер елдің оңтүстік-батысында қайраңға шығып қалған еді. Енді суға батып барады. Кемеден аққан шикізат жағалауға дейін 7 шақырымға жақындады. Араб теңізінде сирек құстар мен киттер тіршілік етеді. Экологтар бұл жағдай теңіз экожүйесінің бүлінуіне әкелуі мүмкін дейді. Оман билігі ахуалды ғарыштан жер серігі арқылы бақылап отырғанын мәлімдеді. Бірақ мұнайдың төгілуін тоқтату жұмысы қашан басталатынын хабарлаған жоқ.