Брюссельде Құрылтай сайлауына дайындық жүріп жатыр

Брюссельде Құрылтай сайлауына әзірлік жұмыстары қызу жүріп жатыр. Комиссия мүшелері учаскені талапқа сай безендіріп, сайлаушылар тізімін нақтылауда.

Отандастарымыз болса, саяси маңызды науқанда белсенділік танытуға тас-түйін дайын. 

Бельгияда алдағы құрылтай сайлауына дауыс берушілер арасында жоғары оқу орындарында білім алып жатқан жастар мен ғылыммен айналысып жүрген отандастарымыз көп. Олар елден жырақта жүрсе де, Қазақстандағы оқиғаларды жіті бақылап отырады. Асан Әбдірахманов Бельгияның Монс университетінде постдокторлық бағдарлама аясында ғылыммен айналысады. Ғалым құрылтай сайлауы ел үшін аса маңызды екенін айтады. 

Асан Әбдірахманов, ғалым:

- Құрылтай ол еліміздің алға қарай бағытын анықтайтын орындардың бірі болып саналады. Сондықтан да бұл бастамаға қатысып, өз даусымды беру менің Отан алдындағы жауапкершілігім деп білемін. Бұйырса, Бельгиядағы Қазақстан елшілігіне барып, отбасымызбен бірге дауыс беретін боламыз.

Қазақстанның Бельгиядағы елшілігінде орналасқан 405-ші сайлау учаскесіндегілер маңызды саяси науқанға қызу дайындық үстінде. Комиссия мүшелері дауыс беретін кабинаны әзірлеп, ұлттық рәміздерді талапқа сай іліп қойды. Бұдан бөлек, олар консулдық есептегі азаматтармен байланысып, сайлаушылар тізімін нақтылап жатыр.

Мұрагер Сауранбаев, №405 сайлау учаскесі комиссиясының төрағасы:

- Сайлаушылар тізіміне 101 еліміздің азаматы тіркелді. Олардың қатарында Бельгия мен Люксембург елдерінде тұрақты тұратын ұзақ мерзімде жүрген еліміздің азаматтары мен олардың отбасы мүшелері, осындағы халықаралық ұйымдар мен жергілікті компанияларда қызмет атқаратын азаматтарымыз және де студенттер бар.

Бұл тізімге Бельгияда тұрақты тұратындар ғана емес, сонымен қатар туристік мақсатта немесе жақындарына қыдырып келген азаматтар да белгіленген тәртіппен енгізілуі мүмкін. Сайлау күні дауыс берушілердің көңіл күйін көтеру үшін қазақ күйлері қосылып, ұлттық тағамдардан дастарқан жайылады. Бала-шағасын ертіп келген отбасыларға да жағдай жасалады. Ата-анасы дауыс беріп жатқанда кішкентайлар сурет салып, шығармашылықпен айналыса алады.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы