Жапонияда тайфун 26 мыңнан астам үйді жарықсыз қалдырды
Жапонияда «Чан-Хом» тайфуны әлек салып жатыр. Табиғи апат салдарынан 5 адам жараланды. Олар – Иватэ және Ибараки префектураларының тұрғындары. Бұл туралы жергілікті ақпарат құралдары хабарлаған.
Дүлей дауыл Токио маңында ағаштарды опырып, 26 мыңнан астам үйді жарықсыз қалдырды. Желдің екпіні сағатына 100 шақырымға жеткен. Жүзден аса әуе рейсі кейінге шегерілді. Ибараки аймағындағы атақты Оараи жағажайы босап қалған. Метеорологтар солтүстік және батыс өңірлердегі тұрғындарға қатты нөсер болады деп ескертті.