Кореямен білім саласында ынтымақтастық күшейеді
Қазақстан мен Корея ғарыш саласының мамандарын бірлесіп дайындайды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің Сеулге жұмыс сапары барысында айтылды.
Минстр бірқатар жоғары оқу орындарында болып, әріптестерімен Қазақстанда университет клиникасын ашу мәселесін талқылады.
Астана мен Сеул арасында жоғары білім беру саласында ынтымақтастық бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілді. Соңғы төрт жылда Қазақстанда жеті кореялық жоғары оқу орнының филиалы ашылды. Олардың қатарында Түркістандағы Вусонг университетінің кампусы, Сеултэкпен серіктестік негізінде Қорқыт Ата университеті жанындағы Жасанды интеллект мектебі бар және Қостанай өңірлік университеті мен Доный университетінің машина жасау бағытындағы бірлескен бағдарламасы бар. Енді медициналық оқу орындары да өз филиалдарын аша алады. Мұндай ұсынысты оларға министр Саясат Нұрбек жасады.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Кемінде бір мықты Кореяның медициналық университеті Қазақстанға әкелуге тырысып жатырмыз, сондай мақсат қойдық. Неге десеңіз, осы форматқа көшу үшін бізге нақты бір мысал керек. Сондықтан қазіргі таңда бір ғана Назарбаев университетінің клиникасы осы жақсы форматпен жұмыс істеп жатыр. Басқа да біздің бес негізгі медициналық университеттеріміз осы форматқа көшуге шешім қабылданды. Бірақ нақты бір модель керек, нақты бір үлгі керек. Сол үлгімен біз Корея жетекші медицина университеттерімен келісіп жатырмыз қазір.
Былтыр Оңтүстік Кореяға ем іздеп шамамен 15 мың қазақстандық келді. Кореялық университет клиникасының ашылуы Қазақстандағы медициналық қызметтердің сапасын арттыруы тиіс. Мұндай аурухананың жұмысымен қазір екі отандық дәрігер танысып жатыр. Олар Сеул ұлттық университеті жанындағы госпитальда тағылымдамадан өтуде.
Гүлжайна Қалдарбекова, Алматы қ. Онкологиялық орталығының дәрігері:
- Бұл жақта мен байқағаным, дәрігерлер бір ғана басу ғана компьютермен жұмыс жасаймыз ғой, бір ғана клик жасау арқылы науқастың бүкіл анамнезіне, бүкіл тексеру жұмыстарына, еміне, барлық ауру тарихына бірден қол жеткізе алады екен. Сол жағы маған өте ұнады. Және де біздің сәулелі терапия мамандығы бойынша, сала бойынша контуринг, центрация, барлық жасалған жұмыстың бәрі сол бір программаның бағдарламаның ішінде. Бір ғана сәті қол жеткізе алатыны ұнады маған. Соны ұсынар едім біздің елге барғанда.
Екі елдің жоғары технологиялық салаларда да ауқымды жоспарлары бар. Кореяның сирек металдар институты мен Сәтбаев университеті жанындағы металлургия және кең байыту институты корей-қазақ сирек металдар ғылыми-зерттеу орталығын ашу туралы келісті. Сонымен қатар Алатау қаласында Кореяның жетекші зерттеу университеті КАИСТ-тің ең ірі кампусын салу жоспарланып отыр. Ал ғарыш бағытын дамыту аясында Сеул ұлттық университеті және «Ханхва» ірі компаниясымен ынтымақтастық орнатып, Байқоңыр ғарыш айлағының базасында қазақстандық кадрларды даярлау бойынша келіссөз жүргізіліп жатыр.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян