Ташкенттегі отандастарымыз саяси науқанда белсенділік танытпақ
Ташкент қаласындағы №431 сайлау учаскесі – шет мемлекеттердегі ең ірі дауыс беру орындарының бірі. Консулдық есеп бойынша көрші елде тұрақты тұратын және уақытша жүрген 800-ге жуық Қазақстан азаматы бар. Олар – студенттер, сол елде жұмыс істейтін азаматтар мен демалушылар.
Баян Әбілдаева Қазақстандық банктің Ташкенттегі филиалында 5 жылдан бері қызмет етеді. Көрші елдің жайлы ауа райымен жергілікті халықтың өмір салтына үйренісіп алған. Баян жырақта жүрсе де, елде болып жатқан оқиғаларды қалт жібермейді.
Баян Әбілдаева, қазақстандық компания өкілі:
- Біз шетелде өмір сүрсек те, елімізде болып жатқан барлық саяси өзгерістерді бақылап отырамыз. Отанымыздағы әрбір оқиға біз үшін маңызды. Өз басым саяси науқандар кезінде белсенділік танытамын. Тіркелген учаскіме барып, дауысымды беремін. Бұл жолы да дәстүрден жаңылмай, құрылтай сайлауына қатысып, еліміз үшін маңызды таңдауымды жасаймын.
Ал Айбек Қуанышбеков Ташкенттегі Қазақстанның ірі құрылыс компаниясына қарасты маман даярлайтын орталықты басқарады. Өзбекстан азаматтарына жаңа технология бойынша үй салудың қыр сырын үйретеді. Құрылтай сайлауында дауыс беруге дайындалып жүр. Өзіне бағарламасы жақын партияны да іштей таңдап қойған.
Айбек Қуанышбеков, қазақстандық компания өкілі:
- Мен өзім жас мамандармен, жастармен жұмыс істеп жүргеннен кейін, олардың мәселелерін білемін. Ішкі жағынан білгендіктен, өзіме жақын партия бар. Мен соларға өз дауысымды беремін.
Еске салайық, Құрылтай сайлауы күні Ташкент қаласының маңайындағы туристік орындарда жылжымалы дауыс беру жәшіктері қойылады. Осылайша саяхаттап жүрген ел азаматтары да өз таңдауларын жасай алады.