Колумбияда іздеу жұмыстары жалғасып жатыр

Колумбияның батысында болған жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 281-ге жетті. Тағы 4 мыңға жуық адам жарақат алған.

Ал жүздеген тұрғынның тағдыры әлі күнге дейін беймәлім. Құтқарушылар мен еріктілер үйінділерді аршу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Қираған ғимараттардың маңында зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсететін далалық госпитальдар орналастырылған. 10 тамызда Колумбияда 7,4 магнитудалы жер сілкінісі болған еді. Одан кейін тағы 70 жер дүмпуі тіркелді. Табиғи апаттың ошағы Кали және Перейра қалаларының маңы. Онда зілзала 50 мыңнан астам үйді зақымдап, 11 мыңдай ғимаратты жермен жексен еткен. Негізгі автожолдар мен көпірлер де бүлінді.