Рейн тартылып, кеме жүрісі қиындады

Арнасынан асып жататын Рейн өзенінің кей тұсы қазір 15 сантиметрден аспайды. Бұл Германияның логистикасына кері әсерін тигізе бастады.

Су әсіресе Кёльн мен Кобленц тұсында қатты таязданған. Соның салдарынан Дуйсбург портынан әрі қарай кеме қатынай алмай жатыр. Бұл кәсіпкерлерді шығынға ұшыратты.

Дуйсберг - Рейн өзені бойындағы Еуропадағы ең ірі ішкі порттардың бірі. Германияның көлік-логистика жүйесінде ерекше маңызға ие. Әдетте осы өзен арқылы мыңдаған тонна жүк өтетін. Алайда биыл су деңгейінің төмендеуі ауыр жүк кемелерінің жүрісіне кедергі келтірді.

Катарина Штельцер, Логистикалық компанияның Ауыл шаруашылығы өнімдері бөлімінің басшысы:

- Қазіргі жағдай 2018 жылға ұқсайды. Сол кезде Кауб елді мекені тұсындағы судың деңгейі 25 сантиметрге дейін таязданған еді. Ал биыл 15 сантиметрге дейін төмендеді. Алдағы уақытта су деңгейі 9 сантиметр болады деген болжам бар. Бұл біз үшін өте қиын жағдай. Өйткені қазірдің өзінде жүкті өңдеу кәсіпорындарына жеткізу жағы қиын.

Су деңгейінің төмендеуінен порт жұмысы баяулады. Өйткені қазір кемелерге жүктің жартысын ғана тиеп жібереді. Ал бұл тауар тасымалы шамамен 50 пайызға азаяды деген сөз.

Андреас Бартель, Дуйсбург портының өкілі:

- Дуйсбург портының үлкен артықшылығы бар. Жүкті теміржол немесе жүк көліктеріне ауыстыруға болады. Алайда бір ғана кеме 1 мың тонна тауарды бір рейспен алып кете алады. Ал сол жүкті жеткізу үшін шамамен 40 жүк көлігі қажет.

Бұл арада тауарын вагондар мен жүк көліктеріне тией алмай, бірнеше күн тұрып қалып жатқандар бар. Бұл шығынымызды ұлғайта түседі, - дейді  неміс кәсіпкерлері.

Катарина Штельцер, Логистикалық компанияның Ауыл шаруашылығы өнімдері бөлімінің басшысы:

- Бұрын шілде мен тамызда біз астықтың 50 мың тоннасын жөнелтіп қоятынбыз. Ал биыл бұл көрсеткіштің 10 пайызына да жеткеніміз жоқ. 

Рейн өзенінің таяздануы Германияда тасымалдың қымбаттауына ғана емес, бүкіл көлік жүйесінің жұмысына әсер етті. Мамандар ахуал қыркүйектің ортасында ғана оңалады деп топшылайды. Метеорологтардың болжамы бойынша, күзде Германияда жауын-шашын көбейіп, өзен суының деңгейі көтерілуі тиіс.