Қырғызстанда президент сайлауын тағайындау күні қыркүйекте белгілі болады

Фото: depositphotos.com

Қырғызстан парламенті ел президентінің кезекті сайлауын тағайындау мәселесін 17 қыркүйекте қарауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды 24KZ.

2 қыркүйекте Қырғызстанның Жоғарғы Кеңесі жазғы демалыстан кейінгі алғашқы отырысын өткізеді. 9 қыркүйекте Министрлер кабинетінің кейбір мүшелерінің ант қабылдауы жоспарланған. Ал 17 қыркүйекте кезекті отырыста депутаттар Қырғызстан президентінің кезекті сайлауын тағайындау туралы қаулыны қарамақ.

Осылайша, президенттік сайлау науқанын бастау мәселесін парламенттің кезектен тыс емес, кезекті отырысына шығару жоспарланып отыр.

Жергілікті басылымның мәліметінше, бұл мерзім заң талаптарына сәйкес келеді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, парламент президент сайлауын тағайындау туралы шешімді дауыс беру күніне дейін кемінде төрт ай бұрын қабылдауы тиіс.