Бір палаталы Парламент: әлемдік тәжірибе
60 пайызы бір палаталы парламент жүйесін ұстанады.
Бұл Парламентаралық Одақтың дерегі. Осындай үлгіні таңдаған мемлекеттердің басым бөлігі Еуропа, Оңтүстік Америка және ТМД аумағында шоғырланған. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, дүние жүзінде қос палатадан бір палаталы жүйеге ауысу үрдісі кең тарағанын байқаймыз. Көптеген мемлекет жоғарғы палаталарды таратуды құп көрген. Мұндай қадамның себептері әртүрлі.
Оңтүстік Кореяда 1960 жылы бұрынғы президент Ли Сын Ман режимі құлағаннан кейін екі палаталы парламенттік жүйе енгізілген. Алайда мемлекет көп ұзамай одан бас тартты. 1961 жылдың мамырында болған әскери төңкеріс Екінші республиканың жұмысын тоқтатты. Сөйтіп, бір жылдан кейін жаңа конституциялық реформа президенттік басқару жүйесін қайта енгізіп, бір палаталы парламентті бекітті. Бұған саяси тұрақсыздық жағдайында шешім қабылдау үдерісін жеделдету қажеттілігі түрткі болды. Бүгінде Оңтүстік Кореяның заң шығарушы органы Ұлттық жиналыс деп аталады. Ол әлемдегі ең ықпалды 10 парламенттің қатарына кіреді.
Хорватия
Скандинавия елдері мемлекеттік басқарудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін ежелден бір палаталы парламентті құп көреді. Данияда заң шығарушы орган Фолькетинг деп аталады, бұл «Халық жиналысы» дегенді білдіреді. Норвегияда -- Стортинг, яғни «Ұлы жиналыс». Ал Швецияда Риксдаг. «Мемлекеттік кеңес» деген мағынаны береді. Жалпы бір палаталы модель кәрі құрлықта кең тараған. Ол Еуроодаққа мүше 27 елдің 15-інде қолданылады. Мұндай жүйеге кейінгілердің бірі болып 2001 жылы Хорватия көшті. Елде жоғарғы палата 1993 жылы тәуелсіздік үшін соғыс жағдайында құрылып, өңірлерді орталық билік төңірегіне топтастыруды және провинцияларға өкілдік беруді мақсат етті. Бірақ 90-жылдардың соңына қарай бұл үлгі қажет болмай қалды. Бүгінде заң шығарушы биліктің жалғыз органы бір палаталы Хорватия Саборы. Оның құрамында 151 депутат бар.
Алысқа барудың қажеті жоқ. Көршілес Қырғыз Республикасында екі палаталы парламент 2005 жылы жұмысын тоқтатты. Оған дейін Заң шығару жиналысы мен Халық өкілдері жиналысының құрамында жүзден астам депутат болған. 2003 жылғы конституциялық реформа барысында депутаттар санын қысқарту туралы шешім қабылданды. Біріншіден, кей жағдайларда олар бір-бірінің қызметін қайталайды деген пікірлер айтылды. Екіншіден, халық қалаулыларының саны тым көп деп есептелді. Ол кезде елде шамамен бес миллион адам тұратын. Қазір Қырғызстанда бір палаталы Жоғарғы Кеңес жұмыс істейді. Ал Түрікменстан бір палаталы жүйеге 2023 жылдың қаңтар айында қайта оралды. Қос палаталы үлгі республикада бар болғаны екі жыл қолданылды. Билік оны тиімсіз деп танып, жалғыз заң шығарушы органның өкілеттіктерін қайтадан Мәжіліске берді. Қай жүйенің тиімді екені елдің аумағына, оның мемлекеттік құрылымына және саяси мәдениетіне байланысты. Шағын мемлекеттер үшін бір палаталы парламент оңтайлы шешім болса, ірі федерациялар үшін екі палаталы жүйе өңірлер мен саяси күштердің мүдделерін теңестірудің қажетті құралы саналады.
Мөлдір Жақан