Арменияның экс-президенті Роберт Кочарян мен ұлы Седрак Кочарян ұсталды
Арменияның бұрынғы президенті Роберт Кочарян, оның ұлы және тағы төрт адам сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстарға қатысты іс бойынша ұсталды, деп хабарлайды 24KZ NEWS.am ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Қылмыстық істі Арменияның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комитеті тергеп жатыр. 25 тамыз күні таңертең Роберт Кочарян аталған комитетке жеткізілген. Бұдан бөлек, экс-президент пен оның ұлының үйлерінде тінту жүргізілген. Комитет бірнеше ондаған мекенжайда тінту болғанын растады.
Тергеу нұсқасына сәйкес, Армения президенті қызметін атқарған Роберт Кочарян жақын адамдарымен сөз байласып, қызметтік өкілетін пайдаланып, бірқатар құнды нысанды мемлекеттік меншіктен шығарған. Кейін оларды нарықтағы бағадан едәуір төмен бағаға сатып алған деген күдік бар.
Тергеу барысында жер учаскелері, ғимараттар және коммерциялық жылжымайтын мүлікке қатысты бірнеше эпизод қаралып жатыр. Мәселен, аумағы 8,3 гектар жер телімі 44,6 миллион драмға, яғни 56 миллион теңгеден астам сомаға сатып алынған. Ал «Каскад» ауданындағы тағы бір жер учаскесі 39,6 миллион драмға немесе 48,9 миллион теңгеге алынған. Кейін нысандардың бірі 1,74 миллиард драмға, яғни 2,1 миллиард теңгеге сатылған.
Тергеу мәліметінше, мемлекеттік мүлікті иеліктен шығаруға ықпал еткені үшін Роберт Кочарянға жалпы құны 2,63 миллиард драм болатын 56 жылжымайтын мүлік нысаны берілген деген болжам бар.
Сонымен қатар экс-президенттің ұлының атына 2001-2019 жылдары жасалған ақша аударымдары да тексеріліп жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комитеттің мәліметінше, олардың жалпы көлемі шамамен 144 миллиард драмды, 309 миллион долларды, 77 миллион еуроны және 18 миллион рубльді құрайды.