Испанияда жастар ауылға көшіп жатыр

Біздің елде жұрт қалаға ағылса, Испанияда жастар ауылға көшіп жатыр. Өйткені қалада үй қымбат. Бір жылда пәтердің бағасы 15 пайыз, ал жалдау ақысы 11 пайызға өскен.

Яғни тірнектеп ақша жинаса да жетпейді. Ал ауылдық жерлерде жастардың баспаналы болуына мүмкіндік бар.

30 жастағы Сорая Факир Мадридте қоғаммен байланыс бөлімінде жұмыс істейді. Бірақ осы жасқа келсе де, басыбайлы баспаналы болмақ түгілі, тапқан табысым пәтер жалдауға зорға жетеді, - дейді.

Сорая Факир, тұрғын:

- Құрдастарымның көбінің үй-жайы жоқ. Ата-анамнан бөлек шыққанда, қатты қиналдым. Қуықтай бөлмеде тұрамын. Өйткені жалғыз өзім пәтер жалдауға шамам жетпейді. Айлығым шайлығымнан аспайды. Қазір болашаққа жоспар мүлде құрмайтын болдым. Үйлі болу қол жетпейтін арманға айналды. 

Елдің ұлттық статистика институтының дерегі бойынша, Испанияда 24 пен 36 жас аралығындағы азаматтардың 45 пайызы әлі күнге дейін ата-анасымен бірге тұруға мәжбүр. Сондықтан қалада жылдар бойы үйлі бола алмай жүрген жастардың арасында ауылға көшіп, еңбек етемін деушілер көбейген. Мұны кейінгі зерттеу нәтижесі де растап отыр. Қазір Испанияда баспана іздеп жүргендердің 13 пайызы ауылға қоныс аударуға ниетті екен.

Ралука Будиан, Бизнес мектебі директорының орынбасары:

- Испанияда әлеуметтік жалдамалы тұрғын үй қоры жоқ деуге болады. Біздің елде мұның үлесі небәрі 2 пайыз. Өзге мемлекеттерде бұл көрсеткіш 20-30 пайызға дейін жетеді.  Сондай-ақ ірі қалаларда ұсыныстан сұраныс жоғары. Сондықтан тұрғын үй бағасы аспандап тұр.

Испания халқының саны – 49 млн болса, бұл елге саяхаттауға жылына 100 млн турист барады екен. Жастар саяхаттаушылар жерімізді басып алды деп налиды. Өйткені билік жергілікті тұрғындардың емес, туристердің сойылын соғады. Мұндағы орташа жалақы – 1450 еуро болса, ал пәтер жалдау құны – соның 98 пайызына тең. Сондықтан бір кездері ауылдан қалаға қарай ағылған көші-қон енді кері бағытқа бет алған.

Мария Матос,  Fotocasa Research компаниясының бөлім директоры:

- Бұрын ауылға зейнетке шыққан адамдар кеткісі келетін. Қазір көбіне күш-қуаты тасып тұрған жас мамандар қоныс аударатын болған. Өйткені ауыл өмір сүруге қолайлы жер.

Испания билігі тұрғын үй дағдарысын шешеміз деп отыр.  Алдағы 4 жылда бұл мақсатқа бюджеттен 7 млрд еуро бөлінеді. Қаржының бір бөлігін жастарды қолдауға бағыттайды. Яғни пәтер жалдау құнының бір бөлігін субсидиялауға ниетті. Алайда жас мамандарды мазалайтын тағы бір мәселе бар. Испанияның ірі қалаларында жұмыс табу қиын.

Карлос Куэрпо, Испанияның экономика министрі:

- Жастар арасындағы жұмыссыздық 25 пайыздан асады. Мұны азайту – үкіметтің басты міндетінің бірі. Бірақ 2018 жылы бұл көрсеткіш 33 пайыздан жоғары еді. Демек, ілгерілеу бар.

Егер Испания билігі жастардың ауылда тұрақтауына жағдай жасаса, бұл қалалардағы тұрғын үй дағдарысын тиімді шешудің бір жолына айналады, - дейді сарапшылар. 

Авторы: Зайнұр Байжігіт

Сондай-ақ оқыңыз: