АҚШ визасына жаһандық уақытша шектеу енгізілді
АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі бүкіл әлем бойынша визалық сұхбаттарға жазылуды уақытша тоқтатты, деп хабарлайды «24KZ». Бұл шешім әлемдегі барлық елдердегі АҚШ елшіліктері мен консулдықтарына қатысты болып отыр.
Бұл қадам Трамп әкімшілігінің көші-қон саясатын қатаңдату бағытымен тікелей байланысты. Қазіргі уақытта АҚШ билігі депортация шараларын күшейтіп, визалар мен грин-карталарды жойып, заңды иммиграция талаптарын күрт қатаңдатып жатыр.
АҚШ Мемлекеттік департаменті бұл шешімді дипломатиялық өкілдіктерде басталған ауқымды оқыту бағдарламасымен түсіндірді.
Оқыту кезінде өтініш берушілерді тексеру рәсімін барлық елде бірізді ету көзделген. Әсіресе, үміткердің қаржылық жағдайы жіті тексеріліп, оның АҚШ-қа барғаннан кейін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларға тәуелді болу ықтималдығы бағаланады.
Оқытудың нақты қанша уақытқа созылатыны және сұхбаттардың қашан штаттық режимге оралатыны әзірше белгісіз. Financial Times мәліметінше, бұған дейін күні белгіленген кейбір иммиграциялық виза үміткерлеріне кездесулерінің кейінге шегерілгені туралы хабарламалар келіп түскен.
Бұл жаһандық шектеу Қазақстан азаматтарын да қамтып отыр. Айта кетейік, бұған дейін, яғни 21 тамызда Нью-Йорктің федералдық судьясы Жанетт Варгас Мемлекеттік департаменттің Қазақстан мен тағы 74 елдің азаматтарына иммиграциялық виза беруді шектейтін бұрынғы шарасын заңсыз деп таныған болатын. Сот шектеулер Мемлекеттік хатшы Марко Рубионың өкілеттігінен асып кеткен деген қорытындыға келген еді. Алайда жаңадан жарияланған бұл жаһандық шектеу барлық елшіліктерді қамтитын бірыңғай оқыту үдерісіне негізделген.