Иран мен Оман Ормуздан түсетін табысты бөліп алатын болды

Иран мен Оман Ормуз бұғазындағы кеме қатынасынан түсетін табысты бөлу жайында келісімге келді.

Бұл туралы Ислам революциясы сақшылар корпусының өкілі Хосейн Мохеб хабарлады. Алайда "АҚШ тиісті талаптарды орындамайынша, бұғаз жабық күйінде қалады" дейді.

Жалпы Ирандағы соғыстың басталғанына ертең тұп-тура жарты жыл болады екен. Сағызша созылған келіссөздер нәтиже берер емес. Тараптар бір-бірінің ығына жығылатын түрі жоқ. Вашингтон енді экономикалық қысымға көшті. Иранға қолдау көрсеткен кез келген елге санкция енгізуге ниетті екенін осыған дейін айттық. Бірақ бұл АҚШ-тың қолынан келе ме? Сұрақ осында. Өйткені Ислам Республикасына мұнай сатып алу арқылы ең ірі қолдау көрсетіп отырған мемлекеттердің бірі Қытай. Ал Бейжің Тегеранмен ара-қатынасын үзуге бейіл емес.

Иран мен Оман Ормуз жөнінде келісімге келді

Иран мен Оман Ормуз бұғазы арқылы теңіз тасымалынан түсетін табысты бөлу және су жолын пайдалану тәртібі жөнінде бір байламға келді. Тараптар шамамен бір ай бойы келіссөз жүргізген. Қазір бұғаз Иранның бақылауында әрі ондағы кеме қозғалысы әлі де шектеулі. Тегеран Вашингтонды бітімге келу үдерісін әдейі созбақтап отыр деп кінәлайды. Егер Құрама Штаттар атысты тоқтату туралы меморандумда көрсетілген талаптарды орындамаса, Ормуз бұғазы ашылмайтынын ескертті. Ал бұған дейін Ақ үй басшысы Дональд Трамп стратегиялық су жолы миналардан тазартылғанын мәлімдеген болатын. Алайда Иранның Сыртқы істер министрлігі бұл ақпарды жоққа шығарды. 

Казем Гарибабади, Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары:

- Парсы шығанағына Оман шығанағынан кіретін кемелер толығымен Иранның аумақтық сулары арқылы өтеді. Парсы шығанағынан Оман шығанағына қарай бағыт алған кемелер де ішінара біздің мемлекеттің аумағы арқылы жүреді. Ал қалғаны Оманның аумақтық сулары арқылы өтеді. Бұл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда түбегейлі өзгеріс. Егер Оманмен жасалған бұл келісім жүзеге асса, біз 30–60 күн ішінде қосымша келіссөздер өткіземіз. Шамамен 58 жыл бойы қолданылып келген бұрынғы бағыттың орнына жаңа тұрақты әрі орнықты теңіз бағытын белгілеу жөнінде өзара түсіністікке қол жеткізу мәселесі де талқыланады. Ал миналарға келер болсақ, Ормуздың әр бөлігінде орналасқан миналардың орнын Ираннан басқа ешкім білмейді. Ол біздің қорғаныс және шабуыл жасау мүмкіндіктеріміздің бір бөлігі.

АҚШ екі оттың арасында қалды 

Әскери шабуылдардың жеткіліксіз екенін түсінген соң, Ақ үй "Экономикалық оқшаулау" операциясына көшті. Енді Құрама Штаттардың ісі Иран мұнайын сатуға көмектескен мемлекеттер және компаниялармен болмақ. АҚШ Ислам республикасының серіктестері "Иранмен байланысты түбегейлі үзеді немесе доллар жүйесінен шығарылады" деген шарт қойды. Бұған абдырап жатқан Иран жоқ. Қаржы министрлігі мұндай жағдайға дайын боғандарын және дағдарысқа қарсы жоспар әзірлеп қойғанын мәлімдеді.  

Әли Маданизаде, Иранның Экономика және қаржы министрі:

- Бұл санкциялар біз үшін жаңалық емес. АҚШ-тың бұл әрекетінен еш нәтиже шықпайды. Біз мұны көптен бері күттік және американдықтардың жоспарынан хабардар болдық. Біздің үкіметтің екі жылдық жоспары бар, сондықтан біз бәріне дайынбыз. бұл ойынды қалай жүргізу керектігін жақсы білеміз. 

Иран шетелдік серіктестеріне ескерту жасады. «АҚШ талаптарын орындау экономикалық агрессияға қатысу ретінде бағаланады» дейді. Американың екінші реттік санкциялары, яғни елдер арасындағы еркін сауданы шектеу Біріккен ұлттар ұйымының қағидаттарына қайшы келеді. АҚШ-тың Иранға қысымынан Қытай да соққыға ұшырайды. Өйткені Қытай Иранның аса маңызды экономикалық серіктесі. Мұнай экспортының шамамен 90%-ын сатып алу арқылы қаржылық қолдау көрсетеді. Вашингтон Бейжіңді санкциялық қысымды қолдауға шақырады. Алайда Қытай билігі қақтығысты дипломатиялық жолмен шешуді талап етіп отыр. Елдің сыртқы істер министрлігі Иранмен ынтымақтастықты әрі қарай жалғастыратынын хабарлады.     

Линь Цзянь, Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:

- Санкциялар мен қысым мәселені шешпейді, шиеленісті одан әрі ушықтырады. Бұл ешкімнің мүддесіне сай келмейді. Қытай тараптарды ұстамдылық танытып, әлемдік экономикалық өсім мен қаржылық тұрақтылыққа нұқсан келтіруі мүмкін қадамдардан аулақ болуға шақырады. Біз диалог пен бейбіт келіссөздерге тезірек оралуға шақырамыз. 

Құрама Штаттардың Иранға қарсы экономикалық шабуылының шын мәнінде жүзеге асуына сарапшылар күмәнмен қарайды. Өйткені АҚШ үшін өзінің басты сауда серіктесі Қытаймен ара--қатынасын одан әрі ушықтыру тиімсіз.

ЦИТАТА

Майкл Соболик, Хадсон институтының аға ғылыми қызметкері

- Егер АҚШ Қытайға қарсы шаралар қабылдаса, Бейжің мұны бұған дейін Дональд Трамп пен Си Цзиньпин келіскен сауда бітімін бұзу деп қабылдайды. Бұл Қытайды АҚШ-қа жауапты соққы беруге итермелеуі мүмкін. Олардың қатарында әлемдік өндіріс үшін аса маңызды минералдардың экспортына қосымша шектеулер енгізу немесе АҚШ-қа қажетті фармацевтикалық препараттардың экспортын шектеу болуы мүмкін.

Қытай Иранға қару сата ма?  

Ресми Қытай Иранға қару-жарақ сатуды 2005 жылы тоқтатқан. АҚШ-пен арада соғыс басталған соң Бейжің Тегеранды зымырандармен қаруландырады деген хабар тарады. Алайда тараптар мұны растамады. Блумберг сарапшылары Қытай Иранға қос мақсаттағы тауарларды экспорттап жатқан болуы керек деп санайды. Яғни азаматтық және әскери салада қолдануға болатын тауарлар. Бұл Қытайға санкцияларды айналып өтуге мүмкіндік береді.  Кейінгі сегіз жылда 100-ден астам қытайлық және гонконгтық компания Иранға экспорттық бақылау шараларын айналып өтуге жәрдемдескені үшін АҚШ-тың санкциялық тізіміне іліккен. АҚШ және Қытай арасындағы экономикалық және қауіпсіздік қатынастарды талдау жөніндегі комиссияның есебі бұл. 

Санкциялар әзірге күшіне енген жоқ. Бірақ оның зардабын алдымен Ирандағы қарапайым халық тартады. Риал бағамының құлдырауы, импорттың күрт төмендеуі мен инфляцияның шарықтауы оңайға соқпай тұр. Халықаралық валюта қорының дерегіне сәйкес, Иранның жалпы ішкі өнімі 5%-ға қысқаруы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз: