АҚШ-тың мұнай қоры азайып барады
АҚШ-тың стратегиялық мұнай қоры азайып барады. Ресми дерекке сүйенсек, қара алтын резервінің жалпы көлемі 290 млн баррельге дейін төмендеген.
Кейінгі бір аптаның өзінде 3 млн 700 мың баррельге қысқарған. Бұл – 1982 жылдан бергі ең төмен көрсеткіш. Бұған дейін Ормуз бұғазындағы жағдайға байланысты Президент Дональд Трамп мемлекеттік стратегиялық қордан 172 млн баррель мұнай шығаруға шешім қабылдаған еді. Қазір Вашингтон Венесуэламен энергетикалық серіктестікті күшейтуге көшкен. Энергетика министрлігінің берген ақпараты бойынша, Венесуэлада өндірілетін мұнайдың жартысынан көбі АҚШ-қа жеткізіліп жатыр. Ал АҚШ өз кезегінде Венесуэлаға тәулігіне 100 мың баррельден аса мұнай өнімін тасымалдап отыр.
Кайл Хауствейт, АҚШ Энергетика министрінің орынбасары:
- Кейінгі бірнеше айда Венесуэлада өндірілетін мұнайдың шамамен жартысы, яғни тәулігіне 500 мың баррельден астамы АҚШ-қа жеткізіліп жатыр. Шикізат ауыр мұнайды өңдей алатын зауыттарға жөнелтіледі. Ал АҚШ-тан Венесуэлаға тәулігіне 100 мың баррельден астам нафта тасымалданады. Ол өндірісті арттыру үшін ауыр мұнаймен араластырылады. Бұл екі тарапқа да тиімді. Себебі мұндай саудадан қос ел де пайда көріп отыр.
Еуропада газ бағасы қымбаттады
Энергетикалық қысым Еуропа нарығында да сезіліп жатыр. Қарт құрлықтағы газ инфрақұрылымы қауымдастығының дерегі бойынша, одақ елдеріндегі қоймалар қазір шамамен 63 пайызға ғана толып тұр. Былтыр осы уақытта 74 пайыз болған. Ирандағы қақтығыс басталғалы көгілдір отынның құны екі еседен астам өскен. Қазір Еуропада 1 мың текше метр газ шамамен 700 еуроға саудаланып жатыр. Сарапшылар Ормуз бұғазымен кеме қозғалысы қалпына келмей, қыс суық болса, қараша мен наурыз аралығында газ бағасы 1 мың текше метріне 1100 еуродан асуы әбден мүмкін деп ескертеді.