Франциядағы Димаштың жанкүйерлері Қазақстанға тарту жасады
Димаш Құдайбергеннің Франциядағы жанкүйерлері Қазақстанға жүзден астам кітап жолдады. Француз тіліндегі әдебиеттер оқушылар мен ұстаздарға арналған.
Бастама авторлары – Надин Пьерро мен Сандрин Байи. Қазақ өнерпазына деген қызығушылық оларды Қазақстанмен жақын таныстырып, кейін мәдени-ағартушылық жобаларға ұласқан. Кітап жинауға Францияда қазақ мәдениетін дәріптейтін ALEM қауымдастығы қолдау көрсетті. Ал кітаптарды елге жеткізуге Қазақстанның Франциядағы Елшілігі көмектесті.
Надин Пьерро, Димаш Құдайберген фан-клубының өкілі:
- Былтыр Қазақстанға сапарымда Алматыдағы №25 гимназияның француз тілі мұғалімі, сондай-ақ Қазақстандағы француз тілі оқытушылары қауымдастығының басшысы Айгүл Дощановамен таныстым. Сол кезде кітап жіберу идеясы пайда болды. Алғашында жеткізу кезінде қиындықтар болды, бірінші сәлемдемем кері қайтып келді. Бірақ Қазақстан Елшілігінің қолдауымен кітаптар ақыры Алматыға жетті. Біз француз тіліндегі кітаптардың бүкіл Қазақстанға таралғанын қалаймыз.
Сәлемдемеде балалар мен ұстаздарға арналған әдебиет, ертегілер, Францияның тарихы мен мәдениеті туралы кітаптар бар. Қазақ қаламгерлерінің француз тіліне аударылған шығармалары да қамтылған. Кітаптардың бір бөлігі Ілияс Есенберлин атындағы №25 гимназияның қорында қалады. Қалғаны өңірлердегі білім ошақтарына жөнелтіледі. Алдағы уақытта ынтымақтастық аясы кеңейіп, Қазақстандағы француз тілі мұғалімдері Францияда біліктілігін арттыруы мүмкін.
Айгүл Дощанова, Қазақстандағы Француз тілі оқытушылары қауымдастығының президенті:
- Біз сәлемдемені жаңа ғана аштық. Оның ішінде қазақ поэзиясының француз тіліндегі аудармалары бар екен, қатты таңғалдым. Бұл – француз тілін сүйетін қауым үшін өте құнды дүние. Достарым Надин мен Сандриннің бізге жасаған баға жетпес сыйы. Бұл бастама алдағы уақытта да жалғасады. Олар Қазақстандағы француз тілі оқытушылары қауымдастығына бірнеше жылдан бері қолдау көрсетіп келеді.