Непалда жойқын тасқыннан кейін мыңдаған адамды іздеу жалғасып жатыр
Гималайдағы мұздықтың опырылуынан болған жойқын су тасқынынан бір апта өткен соң Непал билігі хабар-ошарсыз кеткен мыңдаған адамның арасынан тірі қалғандарды табу үміті азайып бара жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ» Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
Соңғы мәлімет бойынша, табиғи апаттан кемінде 1050 адам қаза тауып, 4 мыңға жуық тұрғын хабар-ошарсыз кеткен. Непал билігі олардың көбі тасқыннан қалған үйінділердің астында болуы мүмкін деп қауіптенеді.
Қытайдың Тибет аймағында 16 адам қаза тауып, 546 адам із-түзсіз жоғалған.
— Тірі қалғандарды табу үміті азайып барады. Дегенмен біз дұға етіп, үмітімізді үзбей отырмыз, — деді Непалдың Ұлттық төтенше жағдайлар жөніндегі операциялық орталығының өкілі Фаниндра Паудел.
Құтқарушылар бірнеше су электр станциясының тоннельдерінде қалып қоюы мүмкін адамдарды іздеп жатыр. Непал армиясының өкілі Раджа Рам Баснеттің айтуынша, аталған нысандарда адамдар паналай алатын арнайы бөлмелер бар.
Билік су электр станцияларының үйінділерінен 279 адам құтқарылғанын хабарлады. Тағы кемінде 639 адам із-түзсіз жоғалған. Олардың кейбірі тоннельдерде болуы мүмкін.
Қалпына келтіру жұмыстарына басымдық берілді
2015 жылғы жойқын жер сілкінісінен кейінгі іздеу-құтқару операциясына жетекшілік еткен отставкадағы генерал Бинодж Баснет күн өткен сайын тірі қалғандарды табу мүмкіндігі азаятынын айтты.
Непал Премьер-министрі Балендра Шах іздеу және құтқару жұмыстарынан кейін негізгі күш зардап шеккен аймақтарды оңалту мен қалпына келтіруге бағытталатынын мәлімдеді.
— Үкімет зардап шеккен аймақтардағы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қажетті медициналық және психологиялық көмек көрсету жұмыстарын жалғастыра отырып, қалпына келтіруге басымдық беріп отыр, — деп жазды ол әлеуметтік желіде.
БҰҰ Даму бағдарламасының алдын ала есебіне сәйкес, табиғи апаттан кейін 2,2 млн тоннаға жуық құрылыс қалдығы, тау жынысы мен шөгінді жиналған. Бұл Нью-Йорктегі алты Empire State Building ғимаратының салмағына тең.
Жұқпалы аурулар таралуы мүмкін
БҰҰ өкілі Стефан Дюжаррик уақытша паналау орындарының толып кетуі, судың ластануы және медициналық нысандардың бүлінуі қоғамдық денсаулыққа қауіп төндіріп отырғанын айтты. Әсіресе муссон маусымында әйелдер мен балалардың жағдайы алаңдатады.
Нувакот пен Расува аудандарында шамамен 3900 адам әлі табылған жоқ. Апаттан зардап шеккен 3500-ге жуық тұрғын 27 уақытша орналастыру орталығында тұрып жатыр.
Премьер-министрдің мәліметінше, су тасқыны болған аймақтарда жұқпалы аурулардың таралуына жол бермеу үшін бақылау және алдын алу шаралары күшейтілді.
БҰҰ өкілдері болашақта Гималай аймағында мұздық тасқындарының қаупі жоғарылайтынын ескертті. Непал Премьер-министрі де апаттың климаттың өзгеруімен байланысын жан-жақты зерттеуге шақырды.
— Мұз бен тау жыныстарының неліктен опырылғанын және мұнша судың қалай жиналғанын әлемдік қауымдастық анықтауы керек, — деді Балендра Шах.
Қытай билігі де тасқынның климаттың өзгеруімен байланысты екенін мәлімдеді.