Мысыр тұрғыны зағип жандар үшін мобильді қосымша жасап шығарды
Қос жанарынан айырылған жандар енді кез келген сызбаны, графиканы және мәтінді оңай оқи алады.
Тіпті қоршаған әлемді "сезінуге" мүмкіндігі бар. Бұл үшін ұялы телефонға арнайы қосымшаны жүктесе жеткілікті. Озық технология жасанды интеллект негізінде жұмыс істейді. Таңқаларлығы, осыны ойлап тапқан 20 жастағы инноватордың өзі зағип.
2021 жылы қос жанарынан айырылған Марк Морад инженер мамандығына оқуға түседі. Алайда жас жігітке физика мен химия пәнінен берілген сызбалар мен диаграммаларды меңгеру қиынға соғады. Технологиялық компанияларға өтініші ескерусіз қалған соң, ол өз бетінше интернеттен бағдарламалау бойынша тегін сабақтарды тыңдайды. Сөйтіп, 2024 жылы өзі секілді зағип жандардың тұрмысын жеңілдететін мобильді қосымша жасап шығарады.
Марк Морад, өнертапқыш:
- 6-сыныптан бастап, көзім нашар көре бастады. Тақтадағы жазу көрінбейтін. Дәрігерге қаралып, көзілдірік тақсам, бәрі дұрысталады деп ойлайтынмын. Бірақ көру жүйке жүйесі бұзылған еді. Бұл аурудың емі де жоқ.
Мобильді қосымшаның жұмыс істеу принципі қарапайым, дейді ол. Көзі көрмейтін жандар смартфон камерасы арқылы мәтінді оқи алады. Жасанды интеллект суреттерді сипаттап қана қоймай, керек болса, сауалдарға да жауап береді. Яғни қоршаған әлемді сезінуге көмектеседі. Озық технология әлемнің 20 тілінде сөйлейді. Нейрожелінің мүмкіндігін өнертапқыштың 16 жастағы қарындасы да күнделікті пайдаланамын, дейді.
Иана Морад, өнертапқыштың қарындасы:
- Кенияға саяхат кезінде ата-анам Сафариге апарды. Бастапқыда барғаныма өкініп қалдым. Кейін смарт-көзілдірік киіп, мобильді қосымшаның көмегімен жануарлардың түсін, санын, қай жерде тұрғанын, не істеп жүргенін көзім көрмесе де, біліп жүрдім. Сол күні әлемді өз көзімен көргендей әсерде болдым.
Мобильді қосымшаны жүктеу ақылы. Ай сайынғы ақысы - 20 доллар, ал жылдығы 200 доллар. IOS және Android жүйесіне де орнатылады. Қазір мұны Мета смарт-көзілдірігіне қосуға болады. Бұл зағип жандардың таяқпен еркін жүруіне мүмкіндік береді, дейді жас өнертапқыш.
Марк Морад, өнертапқыш:
- Кейінгі 5 жылда қараңғылықта өмір сүріп келемін. Университет ішінде не бар, не жоғын білмейтінмін. Күнделікті бір жолмен барып-қайтып жүргем. Сөйтсем, екі ғимаратты жалғап тұратын көпір бар екен. Тіпті маған пальма ағаштары өсетінін де ешкім айтқан емес. Мобильді қосымшаның артықшылығы сол, қасыңда бәрін түсіндіріп жүретін адам бар секілді.
Екі бірдей баласының көру қабілетінен айырылуы ата-ана үшін ауыр сынақ болды, әрине. Бірақ, Марктың әке-шешесі балаларының қазіргі жетістігін көріп, өмірлік ұстанымдары өзгергенін айтады.
Иан Девелер, өнертапқыштың әкесі:
- Мүмкін емес дүние жоқ. Адамның қолынан бәрі келеді. Бастысы, үлкен мақсат қоюдан қорықпау қажет.
2 жыл бұрын 20 жастағы өнертапқыш техникалық ғылыми байқауда жүлделі орын иеленді. Оның бұл жетістігі жаңа инвесторлар тауып, жобаның үлкен жаһандық платформаға айналуына сеп болды. Қазір мобильді қосымшаны көзі көрмейтін жандар әлемнің 140 елінде қолдана алады.
Зайнұр Байжігіт