Юлле Мадизе Эстония президенті болып сайланды

фото: rus.err.ee

Эстония парламенті 2 қыркүйекте құқық канцлері Юлле Мадизені ел президенті етіп сайлады, деп хабарлайды 24KZ ERR агенттігіне сілтеме жасап.

51 жастағы Юлле Мадизе президент сайлауының алғашқы турында жеңіске жетті. Жасырын дауыс беру кезінде оның кандидатурасын 71 депутат қолдаған. Президент болып сайлану үшін кемінде 68 дауыс қажет болған. Дауыс беруге барлығы 78 депутат қатысып, оның жетеуі бюллетеньді бос қалдырған.

Мадизе 12 қазанда парламентте ант қабылдағаннан кейін қызметіне кіріседі. Ол қазіргі президент Алар Каристің орнына келеді. Карис маусым айында екінші мерзімге сайлауға түспейтінін мәлімдеген.

Юлле Мадизе Тарту университетінде заңгер мамандығын алған. Ол Әділет министрлігінде, парламенттің Конституциялық комиссиясында жұмыс істеп, президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі кеңесшісі болған.

2015 жылдан бері Эстонияның құқық канцлері қызметін атқарады. Оның негізгі міндеттеріне заңдардың Конституцияға сәйкестігін бақылау және азаматтардың мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар тарапынан құқықтарының бұзылуынан қорғау кіреді.

Юлле Мадизе Эстония тарихындағы президент болған екінші әйел атанады.

Сондай-ақ оқыңыз: