Ливанда жаңа әскери миссия құрылуы мүмкін
Біріккен Ұлттар ұйымының Ливандағы бітімгерлік миссиясы аяқталуға жақын. 3 айдан кейін 10 мыңнан астам әскери және азаматтық қызметкерлерден тұратын көпұлтты құрам Ливаннан шыға бастайды.
Бірақ бұл ел іші тынышталды, жағдай тұрақталды деген сөз емес. Керісінше елдің оңтүстігінде күннен-күнге ушығып барады. Бұған Еуропа алаңдап, 10 мемлекет қосымша күш жіберуге ниетті.
Мақсат - Ливанға көмектесу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, одан әрі де экономикасын нығайтуға жәрдем ету. Ал енді ЕуроОдақтың неліктен Ливанға бүйрегі бұрып, іші жыли қалды? Далада жатқан қаржы жоқ. Әрі бұл жақтағы азулы елдер, жуандармен ке-ріл-десіп, бітпейтін дауға бас сұғуға неге мәжбүр?
UNIFIL - Ливаннның оңтүстігіндегі Біріккен Ұлттар ұйымының уақытша күштері. Қазір құрамында 47 елден жасақталған, 10 мың 800 әскери қызметкер бар. 1978 жылы Израиль әскерінің Ливаннан шығарылуын қадағалау үшін құрылды. Артынша 2006 жылғы соғыстан кейін мандаты кеңейтіліп, Израиль мен "Хезболла" арасындағы буферлік аймақты қамтамасыз ету міндеті жүктелді. 2 жыл бұрын тараптар арасында қақтығыс қайта ушыққан кезде, Ливан билігі бітімгерлер миссиясын сақтап қалуды сұрады. Өйткені Ливанның ұлттық армиясы сыртқы күштерге төтеп беруге қауқарсыз еді. Ал Израиль БҰҰ сарбаздарын Хезболланың әскери әлеуетін шектеуге әлі келмейді деп айыптап келді. Керісінше аймақты қауіпке әкелді деген пікірде. Сөйтіп АҚШ пен Израиль миссияны тиімсіз санап, жұмысын тоқтатуды талап етіп келеді. Алайда аймақта Хезболладан гөрі, бейбіт тұрғындар мен бітімгерлер зардап шегіп отыр.
Кадис Ардиэль, БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштерінің баспасөз хатшысы:
- Қақтығыстан Ливанның оңтүстігіндегі елді-мекендер түгел қираған. Тұрғындардың барар жері қалмады. Израильдің үздіксіз әуе соққылары орны толмас шығынға әкеліп отыр. Бұл расымен алаңдатарлық жайт. Өйткені мұндай әрекеттердің жүйелі түрде жүзеге асуы халықаралық құқық талаптарына сай емес.
ЮНИФИЛ-ді 20 жыл бұрын қабылданған БҰҰ-ның нөмірі №1701-ші қарарын өз деңгейінде атқарып жатқан жоқ деп айыптайтындар көп. Ал бұл құжат Израиль әскерін Ливаннан толық шығарып, Ливанның ұлттық қарулы күштерін орналастыруды және Хезболланы қарусыздандыруды көздейді.
Кадис Ардиэль, Ливандағы БҰҰ уақытша күштерінің баспасөз хатшысы:
- Бұл қақтығыс ауқымды географиялық аумақты қамтиды. Біз барлық тарапты шиеленісті басуға, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 1701-ші қарарын бұзбауға барынша күш жұмылдыруға шақыруды жалғастырамыз. Әскери қақтығыстың жалғасуы ешкімнің мүддесіне сай келмейді. Жалғыз шешім - саяси және дипломатиялық күш-жігер.
Қазір ЕуроОдақта Ливандағы БҰҰ бітімгерлерін алмастыру үшін жаңа әскери миссия құру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Ресми тұлғалардың мәлімдемесі бойынша, бұл бастама БҰҰ-ның уақытша күштерін алмастыруды емес, Ливан мемлекетін нығайтуды көздейді. Бұл мәселе осы аптада Ирландияда өтетін одақтың қорғаныс және сыртқы істер министрлерінің кездесуінде талқыланбақ. Брюссель Ливанның өз қауіпсіздік күштерін күшейтуге басымдық бермек. Әрине Еуропа бірінші кезекте өзінің геосаяси мүддесін ойлайтыны сөзсіз. Өйткені Ливандағы тұрақсыздық Таяу Шығыспен шектелмей, Еуропаға да әсер етуі мүмкін.
Кая Каллас, Еуропа Одағының Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі:
- Еуропа Таяу Шығыстағы жағдайды реттеуге өз үлесін қосып келеді. Ливандағы БҰҰ-ның бітімгерлік күштері құрамында мыңдаған еуропалық әскери қызметші бар. Алайда ЮНИФИЛ-дің мандаты аяқталғаннан кейін Ливанға қосымша көмек қажет болатыны анық. Қазір біз Ливандағы мемлекеттік бақылауды күшейту мақсатында Еуропалық одақтың жаңа миссиясын құру мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Ливан армиясын қаншалықты күшейтсек, "Хезболланы" соншалықты әлсіретуге мүмкіндік бар.
Еуропалық одақ үшін Ливандағы тұрақтылық тек Таяу Шығыстағы қауіпсіздік мәселесі емес. Бұл көші-қон мәселесін реттеудің бір жолы. Ливан Сириядан барған босқындар ең көп шоғырланған елдердің бірі. Ал кейінгі жылдары Ливаннан Кипрге, яғни Еуропаға теңіз арқылы өтетін мигранттар саны артқан. Сондықтан Брюссель Ливанның экономикасына қолдау көрсетіп қана қоймай, оның шекаралық бақылау мүмкіндігін де күшейтуге қаржы бөліп келеді.
Ливан мәселесінде ортақ шешім іздеп отырған Еуропаның өз ішінде Израильге қатысты қарама-қайшы пікірлер бар. Бірқатар ел Израильдің Батыс жағалаудағы заңсыз құрылысына қарсы санкция енгізуді қолдаса, Германия, Австрия, Чехия және Венгрия мұндай қадамға қарсы. Өйткені Еуропалық одақ - Израильдің ең ірі сауда серіктесі. Былтыр екіжақты тауар айналымы шамамен 50 миллиард долларға жетті. Израильге экспорт көлемі 30 миллиард доллардан 32 миллиард долларға дейін ұлғайды. Бұл Еуропаның Таяу Шығыстағы түйткілдерге қатысты ортақ ұстаным қалыптастыруын қиындатады.
Бітімгерлер миссиясының аяқталуы Ливан үшін ғана емес, Еуропа үшін де жаңа сынақ болмақ. Еуропа жаңа миссия арқылы Ливанды қолдауға дайын екенін көрсеткенімен, мұны еуропаның нақты қай елдері қостайтыны, оның ауқымы мен мандаты, әзірге белгісіз.