Қой жүні мұздықтарды еруден сақтай алады

Қой жүні мұздықтарды қорғайды. Мұны Швейцария ғалымдары дәлелдеді. Бұл еуропалық елде климат өзгерісімен қатар қой жүнін пайдаға асыру мәселесі қатар көтеріліп келеді. Қазір шаруалар қолда бар қазынаның 70 пайызын ұқсата алмай отыр.

Алайда Швейцарияның 850 шаршы шақырымын мұздықтар алып жатыр. Сондықтан бұл экологиялық жоба қаншалықты тиімді? Кейінгі 50 жылда Швейцарияда мыңнан аса мұздық жойылды. Жыл соңына дейін тағы 30-ға жуығы толық еріп кетуі мүмкін. Ал қой жүні жылуды ғана емес, суықты да жақсы сақтайтын қасиетке ие. Мұны білген магистратураның 4 студенті ерекше экологиялық жобаға бастамашы болды.  Жас ғалымдар: «Қой жүні мұздықтарды еріп кетуден қорғайды», - дейді.

Эллиот Гаффио, Лозанна университетінің студенті:

- «Идеямыз жүзеге аса ма, жоқ па?» деп басында күмәндандық, әрине. Бірақ нәтижесін көріп, қуанып тұрмын. Қалыңдығы екі түрлі жамылғы жасадық.  Соның ішінде жұқасынан гөрі қалыңы мұздың еруін едәуір азайтатынын көрсетті. 

Осы уаққа дейін мұздықтарды синтетикалық матадан тігілген шатырлармен қаптайтын. Бұл жылуды өткізбейді. Бірақ табиғатқа келер зияны көп. Өйткені уақыт өте келе қоршаған ортаға микропластик бөледі.

Тимоте Штайнер, жоба жетекшісі:

- Қой жүнін таңдауға екі түрлі себеп бар. Біріншіден, бұл – табиғи әрі биологиялық жолмен ыдырайтын материал. Екіншіден, Швейцарияда қой жүнінің 70 пайызын қоқысқа тастайды. Ал біз мұны кәдеге жаратудың жолын таптық деуге болады.

Ғалымдар тәжірибені жазбойы жүргізгенін айтады. Қалыңдығын өлшеп, 2 апта сайын тауға шыққан. Жалпы жоба аясында жамылғы 200 шаршы метр аумаққа қолданылып, сыналды.

Никлаус Загессер, жамылғыны тіккен компания қызметкері:

- Аптап ыстықта, күннің астында қақталып, тоз-тозы шықпай тұрғанына таң қалып тұрмын. Қой жүні шын мәнінде берік келеді екен.

Қазір Швейцарияда мұздықтардың 0,02 пайызы ғана жабылған. Бұл жұмырына жұғын болмайды. Ал мамандар: «Мұздықтарды қорғаудың жалғыз жолы – бұл парниктік газдар шығарындыларын азайту», - дейді. Әйтпесе алдағы 60-70 жылда Альпі тауларындағы мұздықтардың 97 пайызы еріп кетеді деген қауіп бар.

Авторы: Зайнұр Байжігіт

Сондай-ақ оқыңыз: