АҚШ пен Канада арасында сауда дауы күшейді

АҚШ пен Канада арасында сауда шиеленісі ушыға түсті. АҚШ-та канадалық тауарлар дүкен сөрелерінен алынып, орнына жергілікті өнімдер қойылып жатыр. Оттава да қалысар емес.

Қарымта жауап ретінде америкалық тауарларға 20 миллиард долларға жуық Баж салығын енгізді. Ал Дональд Трамп, тарифті одан әрі ұлғайтатынын ескертті. Енді екі ел арасындағы сауда дауының соңы қайда апарып соғуы мүмкін?

Динара Қуандыққызы, тілші:

- Екі ел арасындағы сауда дауы АҚШ-тың Канада өнімдеріне 50 пайыздық тариф енгізгеннен кейін басталды. Оған сәйкес Канададан кей тауарларды АҚШ-қа әкелуге толық тыйым салынады. Олардың қатарында мотоцикл, сүт өнімдері, алкогольдік сусындар бар. Бұған қоса Президент Дональд Трамп Bombardier компаниясы өндірісін АҚШ-қа көшірмесе, ұшақтарын елде сата алмайтынын мәлімдеді.

Дональд Трамп, АҚШ Президенті:

- Bombardier ұшақтарын енді АҚШ-та сатуға болмайды. Канада америкалық нарықты пайдаланады, бірақ өз нарығына АҚШ компанияларын кіргізбейді. Бұл – әділетсіз. Егер Bombardier АҚШ-та жұмыс істегісі келсе, осы елдегі өндірісін кеңейтуі керек.

Канаданың жаңа тарифтері жалпы құны 20 млрд доллар болатын АҚШ тауарларын қамтиды. Баж мөлшері 15-тен 50 пайызға дейін белгіленген. Тізімге болат, алюминий, ірімшік, тұрмыстық техника, киім-кешек, косметика және ауыл шаруашылығы техникасы енгізілген.

Марк Карни, Канада Премьер-министрі:

- Қақтығыстың одан әрі ушығуын, әрине, қаламаймыз. Бірақ канадалық жұмысшылар мен компанияларды қорғауымыз керек. Сондықтан Канада долларға – доллар, пайызға – пайыз деп, америкалық тарифтерге қарымта Баж салығын жариялайды.

Ақ үй басшысы мұнымен шектелмей, екі елдің шекарасындағы ежелден Онтарио деп аталып келген көлдің атауын «Америка көлі» деп өзгертті. Канада Трамптың бұл әрекетін қатты сынға алды. АҚШ-тың Канаданы 51-ші штат ету туралы сөздері елдегі наразылықты күшейтті. Канадалықтар АҚШ-қа сапарын азайтып, америкалық тауарларға бойкот жариялай бастады.

Роб Гиллис, Associated Press Канада бюросының басшысы:

- Канада мен АҚШ арасындағы жағдай қазір өте күрделі. Екі ел де бір-бірінің тауарларына Баж салығын енгізіп жатыр. Іс жүзінде сауда соғысы жүріп жатыр деуге болады. Көптеген канадалық АҚШ-қа бармай, америкалық тауарларды сатып алмай отыр. Бұл бұрыннан жақын серіктес болған екі елдің қарым-қатынасына үлкен соққы .

Динара Қуандыққызы, тілші:

- Екі ел арасындағы сауда дауы әзірге басылар емес. Жаңа алымдар қыркүйектің аяғынан бастап қолданысқа еніп, текетіресті одан әрі күшейткелі тұр.

Авторы: Динара Қуандыққызы

Сондай-ақ оқыңыз: