Лионель Месси Испанияның тағы бір клубын сатып алмақ
Аргентиналық футболшы Лионель Месси Испанияның екінші дивизионында өнер көрсететін «Эльденсе» клубының негізгі акционері болуға ниетті. Клуб тараптары акцияларды сатып алу жөнінде алдын ала келісімге келген, деп хабарлайды 24KZ BBC-ге сілтеме жасап.
«Эльденсе» мәлімдегендей, Месси Grupo TH Soluciones компаниясына тиесілі акциялар топтамасын сатып алады. Осыдан кейін футболшы клубтың мажоритарлық акционеріне айналмақ.
Дегенмен мәміле әлі толық аяқталған жоқ. Қазір заңдық және келісімшарттық рәсімдер, соның ішінде жан-жақты тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Испанияның Ұлттық спорт кеңесінің (CSD) келісімі қажет.
Аликанте провинциясында орналасқан «Эльденсе» осы маусымда төрт матчтан кейін небәрі екі ұпай жинап, Ла Лига 2 турнирлік кестесінде 20-орында тұр. Клуб осы аптаның басында бас бапкер Клаудио Барраганмен қош айтысты.
Месси бұған дейін де Испания футболына инвестиция салған. Биыл сәуірде ол Испанияның бесінші дивизионында ойнайтын каталониялық «Корнелья» клубының акцияларын сатып алған.