Көші-қон Анкара инфрақұрылымына салмақ түсірді
Анкарада халық көбейіп келеді. Бірақ алып шаһардың инфрақұрылымы адам санының өсуіне ілесе алар емес. Былтыр шаһар тұрғыны шамамен 50 мың адамға көбейді. Әлі де көбейе түспек. Өйткені қалаға көршілес елдер мен өзге өңірлерден жұрт көптеп ағылып жатыр.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Бүгінде Түркия астанасының халық саны 6 миллионға жуықтап қалды. Бірақ кейінгі уақытта Анкара жұртын көбейтіп отырған бала саны емес, басқа өңірлерден ағылған тұрғындар. Бірі жұмыс іздеп, бірі білім қуып, енді бірі қолайлы әрі қауіпсіз өмірді қалағандықтан, осында көшіп келген.
Жергілікті статистика институтының мәліметіне сүйенсек, былтырдың өзінде елдің өзге провинцияларынан Анкараға 176 мыңнан астам адам көшіп келген. Әсіресе 2023 жылы Түркияны дүр сілкіндірген жойқын зілзаладан соң үй-жайынан айырылғандардың көбі ел астанасына қоныс аударған.
Хайрунниса Өздемир, әлеуметтік ғылымдар профессоры:
- Бұл үдеріс жер сілкінісінен кейін басталды. Зілзаладан соң бас амандығын ойлап, Анкараға келіп орныққандар көп болды. Алдымен, мұнда көшу себебі қауіпсіздік мәселесі болса, екіншіден – жұмыс тауып, жаңа өмір бастау. Тағы бір ескеретін жайт, Анкараға тек Түркияның өзге өңірлерінен ғана емес, шетелден де келіп, пана тапқандар көп. Мысалы, Сирия, Иран, Ауғанстаннан келген босқындардың үлесі көп.
Халық санының артуы тұрғын үйге сұранысты күшейтіп, қаланың шетінде жаңа кешендер бой көтере бастады. Алайда урбанизация қарқыны баспана мәселесімен шектелмей, шаһар тіршілігін қамтамасыз ететін инфрақұрылымға да салмақ түсіріп отыр. Мамандар әсіресе мегаполистің ауызсумен тұрақты қамтылуына басымдық беру қажет екенін айтады.
Али Оғұз Дириөз, сарапшы:
- Халық санының өсуі ауызсуға сұранысты арттыра түседі. Түркияның солтүстік өңірлері салыстырмалы түрде су тапшылығы қаупі төмен аймақтар болса, ал оңтүстік беткейде және Орталық Анадолының кей жерлерінде бұл қауіп әлдеқайда жоғары. Яғни Түркияның орталығындағы Анкара үшін су ресурстарына түсетін қысым қалыпты деңгейден тым жоғары.
Ал тұрғындар қалада халықтың тығыз қоныстануы күнделікті тіршілік қиындатып отырғанын айтады. Жол кептелісі де өзекті түйткілге айналды.
БЛИЦ:
- Анкараның ең басты проблемасы – су. Тіршілік нәрі жетіспейді. Он жылдан кейін қалай боларын болжау қиын.
- Кептелістің кесірінен балаларымызды қалаған мектептерге бере алмаймыз. Әрине, адамдар зілзаладан кейін бас амандығын ойлап, осында келіп жатыр. Көбісі жұмыс іздеп келеді. Бірақ инфрақұрылым болмағандықтан, бұқара түрлі қиындықпен бетпе-бет келіп отыр.
Сарапшылар қала билігін көші-қон үдерісін қайта жүйелеп, қала инфрақұрылымын тұрғын санына сай дамытуға шақырып отыр. Тиісті шаралар қазір қабылданбаса, ахуал күрделене түсуі мүмкін екенін ескертеді.
Авторы: Әсия Нұрлыбаева