Гренландияда АҚШ-тың екі әскери базасы пайда болуы мүмкін
АҚШ Гренландияның оңтүстігіндегі әскери базаны қалпына келтіріп, аралдың шығыс жағалауында тағы бір база ашуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды 24KZ Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
Бірінші база аралдың оңтүстігіндегі Нарсарсуак елді мекенінде орналасады. Мұнда бұған дейін АҚШ пен КСРО арасындағы текетірес кезеңінде америкалық Blue West One әскери базасы болған. Екінші нысан Гренландияның шығыс жағалауындағы Местерсвигте ашылады. Қазір бұл аумақты Данияның «Сириус» арнайы жасағы пайдаланады.
Базаларды ашу АҚШ, Дания және Гренландия арасында жасалатын жаңа келісімде қарастырылған. Құжатқа 22 қыркүйекте Нью-Йоркте өтетін БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында қол қою жоспарланған. Келісім Гренландия мен АҚШ-тың қауіпсіздігін күшейтуге және Арктика қауіпсіздігіне НАТО-ның жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
АҚШ пен КСРО арасындағы текетірес кезеңінде АҚШ-тың Гренландияда 17 әскери нысаны болған. Қазір аралда шамамен 150 америкалық әскери қызметші орналасқан Питуффик ғарыш базасы ғана жұмыс істейді.
19 қыркүйекте АҚШ, Дания және Гренландия келісімге қол жеткізгенін мәлімдеді. Дональд Трамп құжат Вашингтонға аралдың қауіпсіздігін тұрақты бақылауға мүмкіндік беретінін айтты. Ал Дания премьер-министрі Метте Фредериксен келісім Гренландияның егемендігі мен аумақтық тұтастығын, сондай-ақ оның халқының өзін-өзі анықтау құқығын мойындайтынын атап өтті.