Түркия заңсыз көші-қонмен күресті күшейтті

Мигранттармен Түркия да алысып жатыр. Кейінгі екі жылда елдегі сириялықтардың саны айтарлықтай азайды. Ресми Анкара мигранттарды туған жеріне аман-есен жеткізіп салуға бейіл.

Көші-қон қауіпсіздігі мәселесінде біздің елмен де ынтымақтастықты нығайтты. Түркия мен Қазақстан таяуда реадмиссия туралы келісім жасады. Бұл қандай келісім және Түркиядағы көші-қон мәселесі қалай шешліп жатыр? 

Әсия Нұрлыбаева, тілші:

- Түркия – географиялық орналасуына байланысты миграциялық қысым жоғары елдердің бірі. Мұнда әрісі Азия, берісі Таяу Шығыстан келген миллиондаған шетел азаматы қоныстанған. Олардың дені заңды мәртебеге ие болғанымен, елде құжатсыз жүрген босқындар да жоқ емес. Ресми дерекке сәйкес мигранттар арасында Ауғанстан, Сирия, пәкістандықтардың үлесі басым. Сол себепті билік заңсыз көші-қонмен күресті тұрақты жүргізіп келеді. Кейінгі 5 жылда 1 млн 110 мыңнан астам мигрант елден шығарылған. Олардың қатарында Ауғанстан, Сирия, Өзбекстан, Түрікменстан мен Иран азаматтары көп.

Нергис Дама, көші-қон мәселелерін зерттеуші ғалым:

- Түркиядағы көші-қонның негізгі себебі – елдің транзиттік және экономикалық тұрғыдан маңызды орналасуы. Көбі Түркияны Еуропаға өту жолы ретінде қарастырса, енді бірі мұнда жұмыс істеу үшін қалады. Сондықтан Түркия үшін шекара қауіпсіздігімен қатар, ел ішінде миграциялық мәртебені бақылау да маңызды.

Әсия Нұрлыбаева, тілші:

- Таяу Шығыстағы тұрақсыздық та Түркияға ағылған босқындардың артуына әсер етті. Мәселен, Сирияда азаматтық соғыс басталғалы, яғни 2011 жылдан бері 3 млн-нан астам сириялық Анадолыдан пана тапты. Бұл – уақытша қорғау мәртебесі берілгендер ғана. Негізсіз жүргендердің саны артық болмаса, кем емес. Алайда 2 жыл бұрын Дамаскіде саяси ахуал өзгергеннен кейін олардың бір бөлігі туған еліне қайта бастады.

Нергис Дама, көші-қон мәселелерін зерттеуші ғалым:

- Кейінгі екі жылда Түркиядағы сириялықтардың саны шамамен 710 мыңға азайды. Қазіргі таңда елде 2 млн 200 мыңға жуық Сирия азаматы бар. Мен олардың саны бірден азаяды деп ойламаймын. Түркия 14 жыл бойы ұстанған негізгі саясатынан бас тартқан жоқ. Сириялықтардың Түркияда қауіпсіз өмір сүруі мен еліне қауіпсіз әрі абыройлы оралуы үшін барлық мүмкіндікті жасады.

Әсия Нұрлыбаева, тілші:

- Иә, Түркияның көші-қон саясаты қауіпсіздік шараларымен қатар мигранттардың заңды мәртебесін реттеу һәм Отанына қауіпсіз оралу мәселелерін де қамтиды.

Соның тағы бір дәлелі – таяуда Түркістанда Түркия мен Қазақстан арасында жасалған реадмиссия туралы келісім. Құжатқа түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің ведомство өкілдерінің жиыны аясында өткен кездесуде қол қойылды. 

Бұл келісім екі елде негізсіз жүрген адамдарды қабылдау мен қайтару рәсімдерін бірізді жолға қойып, жүйелі түрде реттеуге мүмкіндік береді.

Авторы: Ә. Нұрлыбаева

Сондай-ақ оқыңыз: