Си Цзиньпин мен Дональд Трамп кездесуінен не күтеміз?

Бүгін Вашингтонда әлемнің ең ірі қос экономикасының басшылары кездеседі. Дональд Трамп пен Си Цзиньпиннің келіссөзі саудадан бастап жасанды интеллектке дейінгі жаһандық бәсекенің бағытын айқындауы мүмкін. Екі ел арасында тарифтер, технологиялық шектеулер мен стратегиялық минералдарды жеткізуге қатысты түйткілдер аз емес. Әр тараптың келіссөзде алға тартар өз көзірі бар. Алайда өзара тәуелділік те жоғары: қысымды күшейту екі жаққа бірдей шығын әкелуі ықтимал. Сондықтан сарапшылар тарихи мәміледен гөрі текетірестің бәсеңдеуін күтеді. «Қос держава ортақ тіл табыса ала ма?», деп хабарлайды 24KZ.

Ердана Ержанұлы, тілші:

— Бұл Қытай басшысы Си Цзиньпиннің АҚШ-қа алғаш келген сәті. 1985 жыл. Отыздан енді асқан Чжэндин уездік партия комитетінің хатшысы Сан Францискоға қадам басып, арнайы делегациямен Айова штатындағы мал шаруаршылығын зерттеген. Ал бүгінгі Вашингтондағы кездесу Төраға Сидің Америкаға жасаған 11-ші сапары. Оның осыған дейінгі он сапарымен салыстарғанда осы жолғысының салмағы анағұрлым ауыр, мысы да басымырақ.

Скотт Кеннеди, CSIS орталығының аға кеңесшісі:

— Өзгелер ойлағандай, Қытай оқшауланып қалған жоқ. Оның экспорты рекорд жаңартып, озық технологиялары дамып келеді. Ал АҚШ-та өндіріс өсе қоймады және стратегиялық минералдар бойынша Қытайға тәуелділік те сол қалпында. Сондықтан Си Цзиньпин кездесуге Трамптың қысымына төтеп бердік деген сеніммен келе жатыр. Дегенмен екі тарап та тұрақтылықты қалайды. Меніңше, әзірге Си Цзиньпин Трамп әкімшілігінен тактикалық тұрғыда басым тұр.

Дегенмен келіссөз үстеліне екі тарап та өз көзірімен келеді. АҚШ доллардың әлемдік қаржыдағы ықпалына, чиптер секілді озық технологияларына, ауқымды тұтыну нарығы мен одақтастарына сүйенеді. Ал Қытайдың артықшылығы — стратегиялық минералдар мен оларды өңдеу, өндірістік қуат және батареялар мен күн панельдерін жаппай шығару. Бейжің американдық ауыл шаруашылығы өнімдерін, ұшақтар мен энергия ресурстарын ірі көлемде сатып алу мүмкіндігін де келіссөзде пайдалана алады. Әйткенмен, екі елдің экономикасы өзара тығыз байланысты. Сондықтан қысымды күшейту қарсы тараппен бірге өзіне де шығын әкелуі мүмкін.

Сол себепті қос президенттің кездесуіне дейін екі елдің билік өкілдері апта басында Нью-Йоркте кездесіп, Вашингтондағы жиынның жай-жапсарын талқылады.

Скотт Бессент, АҚШ Қаржы министрі:

— Біз «АҚШ–Қытай жасанды интеллект диалогын» құрып, келіссөзді жалғастыруға келістік. АҚШ жасанды интеллектіге байланысты оқиға ұлттық қауіпсіздікке қатер төндірген жағдайда, бір-біріне хабарлау тетігін енгізуді ұсынды. Әлемдегі жетекші екі технологиялық держава арасында ашықтық болуы маңызды.

Алайда екі ел арасындағы қайшылық экономикамен шектелмейді. Тайвань мәселесі де күрделі күйінде қалып отыр. Сарапшылар тарихи мәміледен гөрі екі ел арасындағы текетірестің одан әрі ушығып кетпеуін маңызды санайды.

Уэсли Хилл, Халықаралық салық және инвестиция орталығының сарапшысы:

— Егер кездесу сәтсіз аяқталса, өзге елдерге АҚШ пен Қытайдың бірін таңдау қысымы күшеюі мүмкін. Ал оң нәтиже болса, қазіргі тепе-теңдік сақталып, мемлекеттер америкалық, қытайлық және тәуелсіз бастамаларды қатар үйлестіре береді. Меніңше, осы сценарийдің ықтималдығы жоғары. Бұл Қазақстанға көпвекторлы сыртқы саясатын жалғастырып, ірі державалармен байланысын тең ұстауға мүмкіндік береді.

Ердана Ержанұлы, тілші:

— Ақ үй ұсынған мәліметтер бойынша күн тәртібін де біле отырыңыздар. Сәрсенбіде жергілікті уақытпен сағат 16:00-де, Астана уақытымен бейсенбіге қараған түні сағат 01:00-де Трамп Си Цзиньпинді жарымен бірге Эндрюс әскери базасында қарсы алады. Бейсенбіде Ақ үйде келіссөздер мен мемлекеттік қабылдау өтеді. Бірінші ханымдар Азия өнері музейіне барады. Жұмада қос тарап Ақ үйде шай ішіп, Ұлттық архивтегі тарихи құжаттармен танысады. Сапар осымен аяқталады.

Авторлары: Ердана Ержанұлы, Иджоу Шэнь

Сондай-ақ оқыңыз: