Түркиядағы Анкара университетінде оқып жүрген қазақ жастарының жетістіктері

Адыраспан Түркияда зерттеле бастады. Қазақстандық студент бұл өсімдікті түрік жұртына таныстырып қана қоймай, ғылыми жобасы бойынша шетелге де шақырту алған.

Мамандықты өзге тілде меңгеріп, тың ізденістерге жол ашып жүрген қазақ жастары мұнымен шектелмейді. Ғылымға ден қойып, түрлі жетістіктерімен көзге түсіп жүр, деп хабарлайды «24KZ».

Әсия Нұрлыбаева, тілші:

- Түркияда оқып жүр, талай қазақ баласы. Қай саланы таңдаса да, талабы мен табандылығын танытып, толағай табысқа жетіп жүрген қазақ жастары аз емес. Бірі ғылым жолында дараланса, енді бірі шет тілін меңгерудегі нәтижесімен көпке үлгі болып жүр. Білім бәйгесінде биіктерді бағындырып жүрген жерлестерімізбен тілдесу үшін талай қазақстандық түлеп ұшқан Анкара университетіне арнайы келдік.

Нүрие Мәуленбай Анкара университетінде фармацевтика мамандығын ағылшын тілінде оқып жүр. Жас зерттеуші исі қазаққа ежелден таныс адыраспанның емдік қасиетін зертеп, оны медицина саласына енгізуді көздейді. Бұл бағыттағы еңбегі шетелдік ғалымдардың назарын аударып, Португалияның Порто университетіне шақырту алған.

Нүрие Мауленбай, Анкара университетінің магистранты:

- Кезінде біздің этноботани деген салаға жататын бұл адыраспанды біз әр зат үшін қолданатын едік. Біз осы адыраспанды Түркияда және де басқа шетелдерде танытып, ғылыми жұмысқа енгізілу үшін өзіміздің үлесімді қосқымыз келеді.

Нүрие ағылшын тілін меңгеру деңгейін бағалайтын халықаралық TOEFL емтиханынан ең жоғары нәтижеге қол жеткізді. Енді осы білімін әрі қарай жетілдіріп, Еуропаға докторантураға түсуге дайындалып жүр.

Нүрие Мауленбай, Анкара университетінің магистранты:

- Екі-үш күн бұрын TOEFL тапсырдым. Одан 6/6 алдым. 2026 жылы осы қаңтарда жаңа бір форматқа енгізілді. Оған өте қуаныштымын. Фармацевтикалық бөлім Қазақстанда өте керек, дамуы керек сала деп ойлаймын. Әсіресе, Қазақстандағы дәрілерді бақылауға алу, оны сату, өзімізде өндіру деген мәселелерді шешіп, оны дамытатын, келешекте жақсартатын біз, жастармыз. Келешекте қайтып барып, ол жақта жұмыс жасайтыныма сенімдімін.

Ал Сәуле Ғизатова дәл осы жоғары оқу орнында химия мамандығы бойынша магистр дәрежесін алған. Университетті тәмамдағанымен, есімі үздік студенттер қатарында ілулі тұр. Өйткені ол оқу үлгерімі, ғылыми ізденісі мен белсенділігі үшін арнайы марапатқа ие болған алғашқы қазақ. Қазір Сәуле алған білімін тәжірибемен ұштастырып, химиялық зертханада жұмыс істеп жүр.

Сәуле Ғизатова, Анкара университетінің магистранты:

- Бұл марапатқа ие болу үшін мен магистратура жылдарында ғылыми жобалармен айналыстым, ғылыми жетекшіммен бірге жоғары дәрежедегі журналдарда мақала жарияладым. Одан бөлек, Erasmus+ бағдарламасы бойынша академиялық ұтқырлық бағдарламамен Испанияға да барып келген болатынмын. Жалпы осы жетістіктерімнің барлығы менің осы марапатты алған Анкара университетінің магистранттар арасында бірінші қазақстандық болғаным үшін өзінің көмегін тигізді деп ойлаймын.

Ақиық ақын Мағжан айтпақшы, қазақ жастарына артылар сенім мол. Өйткені шетелде білім алып жүрген қазақстандықтар ғылым мен кәсіби ізденісте өз жолын қалыптастырып келеді. Олар жылдар бойы жиған білімі мен мол тәжірибесін келешекте ел игілігіне жұмсауды мақсат тұтқан.

Авторы: Әсия Нұрлыбаева

Сондай-ақ оқыңыз: