БҰҰ-да Иран президенті сөйлегенде АҚШ делегациясы залдан шығып кетті. LIVE
Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-ші сессиясы жалғасып жатыр.
Қазақстан делегациясы бейбітшілік пен қауіпсіздікке арналған жиындарға қатысып, бірнеше елдің және халықаралық ұйым өкілдерімен кездесті. Ал Бас Ассамблея мінберінде әлем көшбасшылары соғыс, ядролық қауіп және мемлекеттер арасындағы шиеленістер жайын қозғады, деп хабарлайды 24KZ.
Жиында кей мәлімдемелерге қарсылық танытқандар залдан шығып кетіп жатыр. Кеше кубалықтар көтерілсе, бұл жолғылар кім? Қазақстан үшін бұл күннің нәтижесі қандай, жалпы пікірсайыста не айтылды?
Бас Ассамблеядағы жалпы пікірсайыстың бүгінгі күніндегі негізгі тақырыптар қандай болды?
Ердана Ержанұлы, тілші:
— Еліміздің Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді бастаған делегация Нью-Йоркте бейбітшілік пен қауіпсіздікке арналған жиынға қатысты. Онда халықаралық шиеленісті азайту және қақтығыстарды келіссөзбен шешу жолдары талқыланды.
Қазақстан бастамашы болған тағы бір кездесуде соғыс кезінде бейбіт тұрғындар мен дәрігерлерді қорғау мәселесі көтерілді. Қазақстан, Бразилия, Иордания, Қытай, Франция және Оңтүстік Африка министрлері Халықаралық Қызыл Крест комитетінің президентімен бірге желтоқсанда Иорданияда өтетін конференцияға дайындықты пысықтап, өзге елдерді де осы жұмысқа қосылуға шақырды, деп хабарлайды 24KZ.
Мұхтар Тілеуберді, ҚР Сыртқы істер министрі:
— Халықаралық гуманитарлық құқық барлық жерде бірдей, бұлжытпай және адал қолданылуы тиіс. Оны саяси мақсатқа сай бұрмалауға немесе бір жағдайға қолданып, екіншісіне қолданбай қоюға болмайды. Оның қаншалықты тиімді екені бейбіт тұрғындар мен медицина және гуманитарлық көмек қызметкерлерін қорғай алуынан, тіршілікке қажет нысандардың қауіпсіздігін сақтап, мұқтаж адамдарға көмектің кедергісіз жетуін қамтамасыз етуінен көрінеді.
Министр ЕҚЫҰ Бас хатшысымен және ҰҚШҰ елдерінің сыртқы істер министрлерімен кездесті. Сондай-ақ Армения, Финляндия, Канада, Иордания және Швейцария өкілдерімен пікірлесті. Осы кездесулерде Қазақстанның аталған елдермен байланысын дамыту мәселелері қаралды.
Бас Ассамблеядағы пікірсайыстың екінші күнінде де АҚШ пен Иран арасындағы текетіреске куә болдық. Иран президенті Масуд Пезешкиан мінберге шыққанда, АҚШ делегациясының өкілі орнынан тұрып, залдан кетіп қалды. Пезешкиан Трамптың кешегі айыптауларын теріске шығарып, марқұм Аятолла Хомейни мен Минабтағы қыздар мектебінің суретін ұстап тұрып, Израиль мен АҚШ-тың әрекетін қатаң сынға алды. Сондай-ақ Иранның ядролық бағдарламасы бейбіт мақсатты көздейтінін мәлімдеді.
Масуд Пезешкиан, Иран Ислам Республикасының президенті:
— «Олар біздің мектептерімізге, ауруханаларымызға, университеттерімізге, көпірлеріміз бен инфрақұрылымдарымызға шабуыл жасады. Мұның бәрі халықаралық құқыққа қайшы. Бізге күш өзімізді қорғау үшін қажет, өзгелерге шабуыл жасау үшін емес. Бізге энергия даму үшін керек, бомба жасап, біреуге қауіп төндіру үшін емес. Трамп Иранға төнген қоқан-лоқы халқымызды одан әрі біріктіріп, күшейтетінін білуі тиіс. Иран халқы бас имейді».
Бұдан бөлек Украина президенті Владимир Зеленский Ресейге қысымды күшейтуге шақырды. Ал Сирия басшысы Ахмед аш-Шараа елінің қайта қалпына келу жолына түскенін айтты. Венесуэланың уақытша президенті Делси Родригес елде сайлау өтетінін мәлімдесе, Аргентина президенті Хавьер Милей Ұлыбританияны Фолкленд/Мальвин аралдары жөніндегі келіссөзді қайта бастауға шақырды.