Оңтүстік Кореядағы дәмханаларда робот-аспаз қызмет көрсетеді

Оңтүстік Кореяда аспаздар жұмыссыз қалуы мүмкін. Қазірдің өзінде жол бойындағы дәмханаларда ақылды жүйелер пайда болған. Яғни сізге кеспені робот дайындап береді, деп хабарлайды 24KZ.

Владислав Цой, тілші:

— Оңтүстік Кореяның барлық ақылы автожолдарының бойында демалыс орындары бар. Олар бір-бірінен 30-50 шақырымдай жерде орналасқан. Мұнда дәретхана, дүкен, дәмхана – бәрі бар. Бұл демалыс орындары мемлекетке тиесілі болғандықтан жанармай бағасы өзге жерлерге қарағанда арзан келеді.

Жол бойындағы дәмханаларға жүргізушілер мен жолаушылар жылдам тамақтанып алу үшін аялдайды. Осыдан екі жыл бұрын тез дайындалатын рамён кеспесін ұнататындар өз кезегін 15-20 минут күтетін. Қазір робот-аспаз бұл тағамды 2 есе жылдам әзірлейді. Әзірге ол тек рамённің рецебін біледі. Бірақ соның өзі қызметкерлердің жұмысын айтарлықтай жеңілдетті.

Шин Хён Джин, Ёнин демалыс аймағының басшысы:

- Қызметкерлердің міндеті азайып, көп шаршамайтын болды. Жұмыс едәуір жеңілдеді. Өйткені құлтемірдің көмегімен жұмыстың көлемі азайып, үнемделген уақытты сапалы қызмет көрсетуге бөлдік. Қызметкердің жұмыс күні кешкі 6-7-де аяқталады, ал робот тәулік бойы жұмыс істейді, сондықтан табысымыз артты.

Бұл жердегі дәмханада робот сағатына 150 кісіге бес түрлі тағам дайындай алады. Кибер-аспаз оларды белгіленген рецепт бойынша әзірлейтіндіктен тағамдардың дәмі де өзгермейді, бірдей болады.

Ли Хён, Мунмак демалыс аймағы бөлімі басшысының орынбасары:

- Бұрынғыдай көп қызметкер қажет емес. Түнгі уақытта асхананы бір адам ғана басқара алады. Біздің қазіргі құлтеміріміз 5 тағам дайындайды. Жуық арада екінші буындағы роботты орнатып, мәзірді жетіге жеткізуді жоспарлап отырмыз.

Чой, жүргізуші:

- Мына тағамды робот дайындады деп еш ойламаппын. Соя сорпасына тапсырыс берген едім. Оны адам жасағандай. Тағам дәмінен еш айырмашылықты байқамадым.

Жолдағы барлық демалыс орындарында робот-баристалар да жұмыс істейді. Олар әсіресе кофені тез әзірлейді. Қазір кореялық өнертапқыштар аспаздық жүйелерді жетілдіру үстінде. «Мамандар бірнеше жылдан кейін үшінші және төртінші буындағы роботтар аспаздарды толығымен алмастыруы мүмкін», – дейді.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян

Сондай-ақ оқыңыз: