Дубайда қоғам мүлкін бүлдіргендерге қатаң жаза қолданылады

Дубайда қоғам мүлкіне қасақана зиян келтіру қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.

Мәселе тек айыппұлмен шешілмейді. Елде мұндай заңсыздық жасағандар бір жылға бас бостандығынан айырылады. Қала басшылығы бейнебақылау камераларын көптеп орнатып, тәртіпті күні-түні бақылап отыр. Вандализммен күресте бұл ең тиімді құралға айналған. 

Рауан Мыңбай, тілші:

- Дубайда қоғамның не бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіргендерді бейнебақылау камералары арқылы анықтайды. Бұл құрылғылар қаланың орталықтандырылған цифрлы жүйесіне қосылған. Таңданарлық дүние емес, әрине. Көптеген  мемлекетте бар ортақ тәжірибе. Бірақ оның тиімділігін біркелкі деу қиын. 

Бейнебақылау камералары неғұрлым көп болған сайын заңбұзушылықтар да соғұрлым азая береді. Әмірлік басшылығының ұстанымы осындай. Қоғамдық орында жөн-жосықсыз әрекеттерді тыюды көздейді. Ал бейсауат жүріп, айналаны былғайтындар аз емес. Мәселен, былтыр шаһар бойынша рұқсатсыз салынған 200-ге жуық граффити анықталды. Кейін еріктілер өз еркімен бастама көтеріп, қабырғаларды бұрынғы қалпына келтірді.

Омран Шамси, Дубай тұрғыны:

- Қабырғадағы кейбір суреттер қоғамдық санаға мүлдем жат. Арасында ерсілерін көріп қаламыз. Бұл дұрыс емес. Өйткені Әмірліктер - ең алдымен мұсылман мемлекеті. Мынадай талғамды шығармашылық туындылар болса бір сәрі, қалғанына қараудың өзі ұят.

Жалпы қабырғаға сурет салу заманауи өнердің бір саласы екені белгілі. Сондықтан арабтар мұндайға мүлде тыйым салмайды. Шығармашылық шегін заңға қайшы дүниелерден ажырата білгендерге арнайы орын қарастырылған. 

Архам Азар, Дубай тұрғыны:

- Әр жердің өз құндылығы бар. Егер әмірліктердің ескі қала аймағына барсаңыз, көптеген шектеулерге тап боласыз. Ол жақта граффити салу тұрмақ, ашық-шашық киіммен жүруге рұқсат жоқ. Дегенмен, елде шығармашыл жандарды қолдаудың өзіндік тәртібі бар. 

Дубайда қоғам мүлкіне қасақана зиян келтіру қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Кінәлілер бір жылға дейін бас бостандығынан айырылуы әбден ықтимал. Одан бөлек, айыппұл арқалап, бүлінген затты қалпына келтіреді. Оның мөлшері заңда 10 мың дирхам, біздің ақшаға шаққанда 1 млн 200 мың теңге шамасында. 

Рауан Мыңбай

Сондай-ақ оқыңыз: