Билл Гейтс: жасанды интеллект миллиардтаған адамға қауіп төндіреді
Технология саласындағы алпауыт компаниялардың өзі ақылды машинаның болашағына қазірден алаңдайды.
Statista дерегі бойынша былтыр жасанды интеллект нарығы 255 миллиард АҚШ долларына жетті.
Алдағы 5 жылда көрсеткіш 1218 миллиард долларға жетуі мүмкін. Бұған қарап технологияның даму қарқынын анық көруге болады. Ал оның қауіпсіздігіне кім жауап береді? Жаһан жұрты бұл мәселеде күш біріктіре ала ма?
Жасанды интеллект миллиардтаған адамның өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Microsoft компаниясының негізін қалаушылардың бірі Билл Гейтс Meet the Press бағдарламасына берген сұхбатында нейрондық желілерден келер қатер жөнінде пікір білдірді.
Билл Гейтс, Microsoft компаниясының негізін қалаушы:
- Жасанды интеллект біз ойлағаннан да қуаттты. Тіпті білесіз бе, миллиардтаған адам осы ақылды машинаның құрбаны болуы мүмкін.
Әрине адамзатты 100 пайыз жойып жібереді деп айту қиын. Әңгіме технологияны кім және қалай басқаратыны жөнінде. Егер де зұлым күштер жасанды интеллектінің өз пайдасына жарататын болса, бұл олар үшін қуатты қаруға айналады.
Жасанды интеллектіні теріс мақсатта пайдалану қазір қоғамда бар әрі кең сипат алған көрініс. Біріккен ұлттар ұйымының Терроризмге қарсы комитеті террористік ұйымдардың жасанды интеллектіні адамдар арасында үгіт-насихат жүргізу мақсатында белсенді пайдаланатынын мәлімдеді. Ал тақауда ИНТЕРПОЛ жасанды интеллект көмегімен лаңкестік топтарға қатысы бар 126 шетелдік күдіктіні анықтады. Яғни жасанды интеллектіге кім қалай пәрмен береді, жүйе соған сай жұмыс істейді. Маңыздысы дұрыс басқара білу. Технология саласындағы мамандар осыған алаңдайды. Олар жасанды интеллектінің қабілетін қайта қарап, қуатын мейлінше бәсеңдетеуге шақырады. Жасанды интеллектінің реттейтін жаһандық жүйе қажет. Бұл бастама Нью-Йоркте өткен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Асссамблеясының 81-ші сессиясында көтерілді.
Дарио Амодеи, Anthropic бас директоры:
- Озық технологияның көмегімен биологиялық қару жасауға тыйым салу керек. Әр ел бақылау және тексеру жүйесін құру қажет. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бүкіл әлем күш біріктірсе дейміз. Бұл үшін халықаралық хабарлау жүйесін құрсақ, жасанды интеллектіден төнер қауіпті бағалауға мүмкіндік туады.
Алайда қазір жасанды интеллект саласында күш біріктіруден гөрі, бәсеке басымырақ. Әсіресе АҚШ пен Қытай арасында. АҚШ Президенті Дональд Трамп "Жасанды интеллект саласында кім мықты, сол жеңімпаз" дейді. Әрі ақылды машинаны дамытуға шектеу қоюға қарсы. Өйткені, жасанды интеллект экономиканың қозғаушы күші. Алдағы уақытта өсімнің 25 пайызы осы сала есебінен жүзеге асады деп отыр. Бейжің де Вашингтонның бұл салада үстемдік орнатқысы келетінін біледі. 2025 жылы АҚШ жасанды интеллект саласына 285,9 млрд АҚШ доллары көлемінде қаражат құйды. Бұл Қытайдағы инвестиция көлемінен (12,4 млрд доллар) 23 есе көп. Алайда Қытай робототехникадағы позициясын күшейтіп келеді. 2024 жылы әлемде орнатылған барлық өнеркәсіптік роботтардың 54%-ы Қытайға тиесілі болды. 2023 жылы бұл көрсеткіш 51,1% болған. Ал АҚШ-тың гуманоидты робот жасау бағдарламалары әзірге пилоттық режимде жұмыс істеп жатыр.
АҚШ ҚЫТАЙ
$285,9 млрд $12,4 млрд
Дереккөз: Stanford’s 2026 AI Index
Дональд Трамп, Ақш Президенті
- Біз көш бастап келеміз және триллиондаған долларлық алып жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Ендеше неге бұдан бас тартуымыз керек? Егер қандай да бір қателіктер болса, онымен Әділет министрлігі айналысады. Бір нәрседен қауіптенемін деп, құны бір, екі, үш немесе төрт триллион доллар болатын индустриядан бас тартпайсыз ғой.
Қалай дегенмен ғылыми мүмкіндіктер біз ойлағаннан да озық әрі адам ақылынан асып түсетін деңгейге жетті. Бұл бір есептен адамның қолын ұзартып, жұмысын жеңілдетеді. Екінші тұсы бақылаудан шығып кетсе қауіп төндіруі де мүмкін. Әлем осыған алаңдайды.