Қазақстан Парсы шығанағындағы араб елдеріне астық экспортын арттыра алады

«Қазақстан шығанақтағы араб елдеріне астық экспортын арттыра алады».

Біріккен Ұлттар Ұйымына қарасты Дүниежүзілік азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының өңірлік үйлестірушісі осылай дейді. Ахмад Мухтардың айтуынша, араб түбегіне бидай мен ұн жеткізу жолдары өзгерген. Мұндай геосаяси ахуал біздің өндірушілер үшін қолайлы болып тұр. 

Рауан Мыңбай, тілші:

- Шығанақтағы араб елдері астықты негізінен Ресей, Украина, Австралия және Аргентинадан тасиды. Ормуз бұғазы арқылы жеткізіп, кемі 6 айға қажетті қор жинайды. Кейінгі айларда өңірдің өзегіне айналған су жолы бөгеліп, Қара теңізде ахуал қиындағаннан кейін стратегиялық маңызды өнім өзге жолдармен импорттала бастады. Мұндай қадамға арабтар кей елдерде бидай сапасының нашарлауы себепті де барып отыр. 

Арабтар бұған дейін әлгі айтқандай, астық қорын жарты жылға жететіндей жинаса, енді бұл мерзім де аз болатын тәрізді. Өйткені өнім аймақтағы геосаяси ахуалға байланысты енді кешігіп жетуі мүмкін, тіпті жетпеуі де ықтимал. Сондықтан қордың көлемін ұлғайтуға тура келеді әрі сенімді, тұрақты жеткізуші қажет. Халықаралық «FAO» ұйымының өкілі Ахмад Мухтар араб нарығында бұл орайда Қазақстанның мүмкіндігі мол екенін айтады.

Ахмад Мухтар, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының өңірлік үйлестірушісі:

- Қазақстанның араб шығанағы елдеріне астық жеткізу әлеуеті жоғары. Әсіресе бидайдың сапасы, бағасы және өндіріс көлемі басты артықшылық дер едім. Қазақстан географиялық тұрғыдан да жақын. Әрі өңірмен логистикалық байланыстар бар. Сондықтан алдағы уақытта Қазақстан аймақта ірі астық тасымалдаушыға айналады деп ойлаймын.

Әмірлік азық-түліктің 90 пайызға жуығын сырттан сатып алады. Бұл - әлем бойынша жоғары көрсеткіш. Бірақ құрғақ климатқа қарамастан жергілікті фермерлер қол қусырып отырған жоқ. Кореялық технологияны пайдаланып, Шарджаның ылғалы мол алқаптарына дән септі. Әрине, әзірге ұшан-теңіз алқап жоқ. Бұл - пилоттық жоба. Өйткені мұнда құнарлы жер жоқтың қасы. Мамандар: «Құбылмалы күн райы мен құрғақшылық жағдайды толық реттеуге кедергі. Логистика желілерін дамытып, әлемдік агроөндірушілермен жан-жақты байланыс орнату қажет», - дейді.

Йенс Михель, «ABU DHABI FOOD HUB» басшысы:

- Климаттың өзгеруі мен геосаяси жағдайлар азық-түлік импортына кері әсер етіп жатыр. Осыны ескеріп, шығанақ елдері тасымал бағыттарына келгенде икемді бола түсуі керек. Әртараптандыру ісі өте маңызды. Жеткізу тізбегіндегі тәуекелдерді азайтсақ, әмірліктер мен жалпы «GCC» елдерін азық-түлікпен ұдайы қамтамасыз етуге жол ашылады.

FAO ұйымының дерегі бойынша Қазақстан - жаһандық бидай экспортында көшбасшылардың бірі. Сапа, баға және өндіріс көлемі жөнінен кез келген нарықта бәсекеге төтеп береді. Бастысы - тасымал үздіксіз жалғасып, жоспар уақытылы орындалуы шарт. Ал шығанақ елдері – халқы көп ірі тұтынушы. Астық және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін көптеп сатып алуға дайын. Қазақстан осы салада аймақтық деңгейде сенімді серіктеске айнала алады. 

Авторы: Рауан Мыңбай

Сондай-ақ оқыңыз: