Түркияда бала сүйе алмай жүрген жұптар көбейді

Кейінгі дерекке сүйенсек, репродуктивті жастағы отбасылардың 10-15 %-ында бедеулік мәселесі кездеседі. Мамандар мұны кеш отбасын құру, әйел жасының ұлғаюы, өмір салты сияқты бірнеше себеппен байланыстырады. 

Ал үкімет бедеулікті емдеу үшін тың әдістер ұсынғанымен, мұндай мүмкіндік барлығына бірдей қолжетімді емес. 

Әсия Нұрлыбаева, тілші:

- Отау құрып, сәби сүю – әр шаңырақтың арманы. Алайда Түркияда кейінгі жылдары бұл тек арман күйінде қалып отыр. Өйткені елде жастардың отбасын құру жасы ұлғайып, әйелдердің алғаш ана атанатын шағы да кейінге шегеріліп барады. Бұған баспана, тұрақты жұмыс пен елдегі экономикалық жағдай секілді әлеуметтік факторлар әсер етуде. Ал бала сүюді ұзақ уақыт кейінге қалдыру жастардың репродуктивті денсаулығына ықпал етіп отыр. Соның салдарынан Түркияда 2 млн-нан астам жұп сәби сүйе алмай жүр. Бұл – жергілікті Денсаулық сақтау министрлігі келтірген мәлімет.

42 жастағы Бахар Өзжанның да арманы – ана атану. Табиғи жолмен бала сүйе алмаған ол жылдар бойы дәрігерлердің табалдырығын тоздырып келген. Нәтиже болмаған соң, жасанды ұрықтандыру әдісіне жүгініпті.

Бахар Өзжан, Анкара қаласының тұрғыны:

- Мен өзім 38 жасымда тұрмысқа шықтым. Бір жарым жылдай табиғи жолмен бала сүюге тырысқанымызбен, нәтиже болмады. Сөйтіп амалсыз жасанды жолмен ұрықтандыру әдісіне жүгіндік. Қазір аяғым ауыр. Түркияда жасанды ұрықтандыру әдісі қазір қалыпты медициналық тәжірибеге айналды. Бәлкім, 15-20 жыл бұрын бұл мәселеге көзқарас басқаша болған шығар.

Мамандардың айтуынша, Түркияда бедеуліктің белең алуына жастардың кеш отбасын құруы себеп. Өйткені әйел жасының ұлғаюы ана болу мүмкіндігін шектейді. Ресми статистикаға сүйенсек, мұндай мәселе 15 пен 34 жастағылардың шамамен 9%, 35-39 жас аралығындағы жастардың 25%-ында, ал 40-тан асқан ерлі-зайыптылардың 30%-ында жиі кездеседі.

Мелахат Атасевер, репродуктолог, медицина  ғылымдарының докторы, профессор:

- Түркияда репродуктивті жастағы жұптардың шамамен 10-15%-ында бедеулік кездеседі. Алайда тәжірибеде көрсеткіштің бұдан да жоғары, шамамен 25% екенін көріп отырмыз. Әйелдің жас ерекшелігі, тамақтану салты, физикалық белсенділіктің азаюы, қоршаған ортаның әсері, стресстік жағдайлар бала сүюге кедергі келтіруі мүмкін. Түркияда темекі шегу көрсеткіші өте жоғары. Ал мұндай зиянды әдеттер ерлі-зайыптының репродуктивті денсаулығына кері әсер етеді.

Түркияда бала сүйе алмаған жұп алдымен медициналық тексеруден өтеді. Себеп анықталғаннан кейін ем тағайындалады. Нәтиже болмаған жағдайда ғана жасанды ұрықтандыруға жүгіну мәселесі қаралады. Бірақ шығынның бір бөлігін ерлі-зайыпты өз қалтасынан төлейді.

Мелахат Атасевер, репродуктолог, медицина ғылымдарының докторы, профессор:

- Мемлекеттік қолдау алу үшін ерлі-зайыпты кемінде үш жыл некеде болуы керек. Әйелдің жасы да ескеріледі. 23-40 жас аралығындағы әйелдерге ғана көмек көрсетіледі. Емделуші бірінші циклда шығынның 30%-ын, екінші рет 25, үшінші рет 20%-ын өзі төлейді.

Түркияда бедеуліктің шешімі тек медициналық технологияға тірелмейді. Отбасын құру уақыты, әлеуметтік жағдай мен қаржылық мүмкіндік те маңызды. Сондықтан мамандар отбасын құруды тым ұзаққа созбай, репродуктивті денсаулыққа ертерек мән беру керектігін айтады.

Авторы: Ә.Нұрлыбаева

Сондай-ақ оқыңыз: