Туризм экономикаға $11,6 трлн пайда әкелді

Әлемдік туризм соғыс, табиғи апаттар, геосаяси сын-қатерлерге қарамастан қарқынды дамып келеді. Дүниежүзілік туризм ұйымының дерегі бойынша, жарты жылда 690 млн адам саяхаттаған. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 3 млн-ға көп. 

Енді туристерге қызмет көрсетуші секторлар ілесе алмай жатыр. Алдағы 9 жылда бұл салаға 43 млн жұмысшы керек болады. Өйткені туристер көбейген сайын қоғамдық қызметтерге, жергілікті ресурстарға, көлік жүйесіне және тұрғын үйге сұраныс артады. 

Жер бетінде тұмса табиғаты, бай тарихы мен мәдениеті бар ел көп. Ал туризм саласы сапалы қызмет көрсетудің арқасында ғана дамиды. Солай мемлекетке пайда әкеледі. Биыл Дүниежүзілік экономикалық форум сарапшылары да әлемдегі туризмнің жайын, әр елдің экономикалық әлеуетіне қарап бағалады. Жапония үздік танылды. Тізімді АҚШ, Испания, Аустралия, Франция, Германия, Ұлыбритания, Қытай, Швейцария, Италия жалғайды.  

Биылғы тізімде Жапония АҚШ пен Испанияны ығыстырып бірінші орынға шықты. Неге десеңіз, Күншығыс елі былтыр 42,7 млн шетелдік турист қабылдаған. Алайда бұл ел санға емес, сапаға көбірек мән береді. Елдің туризмді әртараптандыруға бағытталған шаралары салаға серпін беріп отыр. Озық технология, алып шаһардағы өмірді айтпағанда, қарапайым дүниелермен көпшілікті қызықтыруға тырысады. Жергілікті қолөнер, тағам, ауылдағы қарапайым тіршілікті дәріптеп, оны шетелдіктерге таныстырады. Соның арқасында былтыр экономикасына 59,7 млрд АҚШ доллары көлемінде табыс түскен. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 16,4%-ға көп. 

Ал әлемдік туризм саласынан былтыр жаһандық экономикаға 11,6 трлн АҚШ доллары көлемінде пайда түсті. Өйткені сала кейінгі 6 жыл ішінде айтарлық өсім көрсетіп, пандемияға дейінгі көрсеткішке жетті. Былтыр саяхатшы саны 1,5 млрд-тан асты. Бұл 2019 жылғы көрсеткішпен бірдей. Алайда 2020 жылы көрсеткіш 72 пайызға күрт төмендеп, небары 408 млн адам саяхаттаған еді. Артынша жағдай біртіндеп қалпына келе бастады.

Десе де биыл туризм саласы бірқатар түйткілмен бетпе-бет келді. Таяу Шығыстағы жағдай әуе қатынасы бойынша ең ірі транзиттік хаб саналатын Парсы шығанағы елдерінің туристік әлеуетін әлсіретті. 2 жыл бұрын, соғыс басталмай тұрып Таяу Шығыстың өзіне 95 млн шетелдік турист барған. Ал транзиттік жолаушылар саны бұдан да көп. Өйткені Доха, Абу-Даби және Риядтағы әуежайлар Еуропаны Азия, Африка және Америкамен байланыстырады. 2024 жылы Дубай 101 млн жолаушыға, ал Сауд Арабиясының әуежайлары 128 млн жолаушыға қызмет көрсеткен. Ал 2023 жылдың қазанынан кейін Израильге баратын туристер саны күрт азайды. Қақтығыс басталған алғашқы бір айдың ішінде-ақ, турист саны 300 мың адамнан 38 мың адамға азайған. 

Соғыс болмаса да, елдер арасындағы дипломатиялық шиеліністер туризм саласына әсер етеді. Мәселен, биыл канадалықтардың АҚШ-қа сапары 25% пайызға азайған. АҚШ-тың Саяхат бірлестігі Travel Association ұйымының дерегіне сүйенсек, бұл АҚШ экономикасына 8 млрд доллардан астам шығын әкелді. Қауіп-қатерлер мен төтенше жағдайлар кезінде саяхаттың бірден тоқтаталуы таңсық емес. Сонымен қатар әр елдің сыртқы саясаты мен ұстанымы, визалық шектеулер де саяхатқа әсер етеді. 

Сондай-ақ оқыңыз: