Каирде қоқыс мәселесі дауға айналды

Мысырда қоқыс мәселесі дауға айналды. Елдің бас шаһарында шөлмек қабылдайтын аппараттар бұрыннан бар. Енді әр тұрғын үйдің ауласына қойыла бастады. Алайда бір қызығы біраз ел бұған қарсы. 

Каир тұрғындары үйдің ауласында тұрған мына автоматқа пластик, алюминий бөтелкені тапсырып, бонус жинай алады. Бұл үшін құтыны құрылғыға салса жеткілікті. Фандомат санын есептеп, ұпай береді. Мұны ұялы байланыс бірлігіне немесе компаниялардың жеңілдіктеріне айырбастауға болады.  

Ислам әл-Рефаи, компанияның негізін қалаушы:

- Бұрын көшеде қоқыс жәшіктерін ақтарып жүретін адамдарды жиі көретінмін. Сөйтсем, олар пластик, алюминий бөтелкелерді тапсырып, ақша табады екен. Сол кезде мұны кәсіп көзіне қалай айналдырса екен деп ойлайтынмын. Сөйтіп, бұл идеям бүгінде осындай экологиялық жобаға айналды. 

Мысырлық кәсіпкер Ислам әл-Рефаи қоқыстың өзінен тәуір табыс табуға болатынын айтады. Сондықтан 2030 жылға қарай елде тағы 20 мың аппарат орнатуға ниетті. 

Ислам әл-Рефаи, компанияның негізін қалаушы:

- Алғашқы қаржыны жеке қорлар берді. Қазір 30-40 пайыз пайда көріп отырмыз. Өз-өзін ақтайды. Алдағы 3-4 жылда аппараттардың санын көбейтсек деп отырмыз. 

Алайда бұл экологиялық бастаманың төңірегінде дау көп. Каирдегі 20 млн тұрғынның қалдықтарын осы күнге дейін заббалиндер қолмен сұрыптайтын. Оларды «қоқыс адамдары» деп те атайды. Өйткені бір ғасырдан бері қалдық жинап, содан түскен қаржыға күнін көреді. Енді тұрғын үйлердің аулаларына мұндай аппарат жаппай қойылса, нәпақамыздан айырылып қаламыз ба деп уайымдайды. 

Шехата әл-Мұқаддас, Каирдегі қоқыс терушілер кәсіподағының жетекшісі:

- Біз бұл жобаның өзіне қарсылығымыз жоқ. Ертең қаладағы қоқысты тікұшақпен шығара бастаса да, бәрібір. Десе де заббалиндердің мүддесін неге ескерілмейді? Олардың күнкөрісі қиындайды ғой. 

Зерттеулерге қарағанда, заббалиндер қалада шашылып жатқан қоқыстың тек жартысын жинайды. Десе де мұның 80 пайызын қайта өңдеуге жібереді. Ал қалдықтарды сұрыптау жұмыстарын тура үйлерінің ауласында жүргізеді. Бұл шаһар тынысын тарылтып, экологияға қауіп төндіріп тұр. 

Амин Салама, қайта өңдеу зауытының бас директоры:

- Экологиялық мәдениетті қалыптастыру үшін бәрі бірге жұмыс істеуі керек. Егер әрқайсысы өз рөлін түсінбесе, бұл жүйені жолға қою қиын болады. Ал бұл тек экологиялық қана емес, шаһардың экономикалық ахуалына да кері әсер етуі мүмкін. 

2000 жылдары билік шаһардағы қоқыс мәселесін шешу үшін шетелдік компанияларды тартпақ болады. Алайда заббалиндердің наразылығынан кейін жоба іске аспай қалған. Сондықтан сала мамандары Каирдегі бұл әлеуметтік топты заңды жүйеге қосу қажет екенін айтады. Әйтпесе, Каирде қалдық жинап, мұны ата кәсібіне айналдырған 80 мың адамның күнкөрісі қиындайды деп отыр. 

Автор: Зайнұр Байжігіт

Сондай-ақ оқыңыз: