Жапонияда тұрақты тұруға рұқсат алу талаптары күшейтілді

фото: depositphotos.com

Жапония шетелдіктерге тұрақты тұруға рұқсат берудің талаптарын күшейтті, деп хабарлайды 24KZ Kyodo агенттігіне сілтеме жасап.

Жаңа ережеге сәйкес, өтініш берушінің табысы жапон отбасыларының орташа көрсеткішінен жоғары болуы тиіс. 2024 жылғы дерек бойынша бұл шамамен 5,75 млн иен немесе 36,5 мың долларға тең.

Сонымен қатар тұрақты тұруға үміткерлер жапон тілін өз бетінше қолдана алатынын дәлелдеуі және болашақ зейнетақы төлемдерінің белгілі бір деңгейін қамтамасыз етуі қажет.

Тұрақты тұруға рұқсат алу үшін шетелдіктер Жапонияда кемінде 10 жыл тұруы керек. Ал Жапония азаматының жұбайы елде кемінде үш жыл тұрып, некеде бес жылдан астам болған жағдайда тұрақты тұруға рұқсат ала алады.

Бұдан бөлек, 1 қазаннан бастап тұруға рұқсат алу туралы өтініш беру ақысы 20 есеге өсті. Енді оның құны 200 мың иенді немесе шамамен 1280 долларды құрайды.

Тұрақты тұруға рұқсат алған шетелдіктер Жапонияда мерзімсіз тұрып, кез келген салада жұмыс істей алады және өз азаматтығын сақтайды.

Сондай-ақ оқыңыз: