АҚШ Сенаты Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай қарар қабылдады
АҚШ Сенаты Қазақстан мен Орталық Азия елдерін тәуелсіздіктің 35 жылдығымен құттықтап, арнайы қарар қабылдады.
Бұл қарарды республикалық және демократиялық партиялардың алты сенаторы — Стив Дэйнс, Гэри Питерс, Джон Кёртис, Дэйв Маккормик, Крис Мёрфи және Джеки Розен ұсынды. Құжатта Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанмен байланыстың АҚШ үшін стратегиялық маңызы айтылған. Сенат бұл мемлекеттердің сыртқы саясатын өз бетінше жүргізіп, қауіпсіздік пен экономика саласындағы серіктестерін дербес таңдау құқығын қолдайды. Сондай-ақ олардың тәуелсіздігі, егемендігі мен аумақтық тұтастығы бүкіл Еуразиядағы бейбітшілік пен қауіпсіздіктің тірегі екені айтылған. Қарарда АҚШ-тың аймақ елдерімен екіжақты байланысы және С5+1 форматындағы ынтымақтастығы нығайып келе жатқаны да көрсетілген. Сондай-ақ Транскаспий дәлізінің әлемдік сауда, энергетикалық қауіпсіздік және цифрлық байланыс үшін маңызды екеніне назар аударылған.