Франция мен Британия өзара мигрант алмасу жобасын тоқтатады
Франция мен Ұлыбритания «бір адамға - бір адам» пилоттық көші-қон жобасына өзгеріс енгізеді.
Осы айдан бастап екі ел де азаматтардан миграциялық өтінімдер қабылдауды тоқтатты.
Айдана Айтбекқызы, тілші:
- Париж бен Лондон «бір адамға – бір адам» деп аталатын пилоттық көші-қон тетігін талқылап жатыр. Бұл жүйе бойынша Ла-Маншты заңсыз кесіп өтіп, Ұлыбританияға барған мигранттардың бір бөлігі Францияға қайтарылатын. Ал оның орнына Франциядан дәл сондай мөлшерде баспана сұраушыларды заңды түрде қабылдайтын. Қыркүйек айының соңына дейін осындай жолмен 951 адам Францияға қайтарылса, 935-сі Ұлыбританияға көшкен. Қазан айынан бастап екі жақ та жаңа өтінімдер қабылдауды тоқтатты. Жалпы Ла-Манш арқылы өтетін мигранттар саны жыл сайын азайып келеді. Frontex жүйесінің дерегінше, биылғы жылдың алғашқы сегіз айында Ұлыбритания бағыты бойынша шамамен 26 мың әрекет пен өткел тіркелген. Францияның Еуропа және Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі 24KZ арнасына бұл көрсеткіштің былтырғымен салыстырғанда айтарлықтай азайғанын айтты.
Паскаль Конфаврё, Франция сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:
- 2026 жылы өткелдер саны 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 40 пайызға азайды. Бұдан бөлек Франция мен Ұлыбритания арасында басқа да бірқатар келісімдер мен практикалық ынтымақтастық тетіктері жұмыс істейді. Ал «бір адамға – бір адам» жүйесіне келсек, қазір біз Ішкі істер министрлігімен бірге одан шығу шарттарын айқындап жатырмыз. Бұл мәселе британдық тараппен талқылануда.
Ла-Манш арқылы өтетіндер саны азайғанымен Франция мен Ұлыбритания арасындағы бұл бағыт Еуропадағы ең қауіпті миграциялық жолдардың бірі болып қала береді. Мәселен, 28 қыркүйекте бұғазды кесіп өтуге әрекет жасаған екі әйел мен 10 жастағы бала қаза тапты. Қайықтағы қалған 102 адам құтқарылды. Франция мен Ұлыбритания заңсыз өткелдерді ұйымдастыратын тасымалдаушыларға қарсы бірлескен операцияларын жалғастырып жатыр.
Париж бұл мәселені тек патруль күшімен шешу мүмкін емес екенін алға тартады. Француз билігі Ұлыбританиядағы еңбек нарығының заңсыз мигранттар үшін тартымды екенін ескеріп, еуропалық кеңірек стратегия қабылдау қажет деп санайды. «Бір адамға – бір адам» пилоттық жүйесін қандай механизм алмастыратыны әзірге белгісіз. Бірақ екі тарап та заңсыз өткелдермен күрес жалғасатынын мәлімдеп отыр.
Айдана Айтбекқызы, Руслан Өміржан