Конгода Эбола вирусын анықтауға мобильді зертхананы қолданып жатыр
Эбола өршіп тұрған Конгода ауыр індетпен күрес жұмыстары қарқын алды.
Елде кеселден көз жұмғандардың саны бүгінде 4 мыңнан асқан. Қазір қатерлі вирус тараған аймақтарда заманауи жылжымалы зертханалар қолданыла бастады. Бұған дейін мамандар індетті анықтау үшін талдаудың нәтижесін бірнеше тәулік күтетін. Енді жауапты бірнеше сағаттың ішінде ала алады. Жылжымалы зертхана кез келген аймаққа жедел жеткізілетіндігімен де ыңғайлы. Бұл науқасты дер кезінде оқшаулап, ем-дом шарасын ерте бастауға мүмкіндік береді.
Эбола індеті етек жайған Конгода дертке қарсы күрес шаралары күшейіп жатыр. Өйткені вирустың дес берер түрі жоқ. Жергілікті билік елдің шығысында орналасқан Бутембо қаласында мобильді зертхана ашты. Осылайша дәрігерлердің жұмысы жеңілдеп, халық игілігін көруде.
Мишель Нгимба, дәрігер:
- Эбола індетінің ошағына айналған елді мекендерде науқастарды тез анықтау үшін осындай жылжымалы зертхана көлігін іске қостық. Өте ыңғайлы, бір жерден екінші жерге еш қиындықсыз тасымалдай аламыз. Мысалы, егер бүгін Катвада төтенше жағдай орын алса дер кезінде зертхананы Катваға көшіреміз.
Конгоның Ұлттық биомедициналық зерттеулер институтының мамандары арнайы бокста қан үлгілерін зерттейді. Нәтижесі 24 сағаттың ішінде дайын болады. Бұл ауруды уақытылы анықтап, алдын алу шараларына да үлкен көмек, дейді жергілікті аурухана дәрігерлері.
Лота Калуби, Эбола безгегін емдеу орталығының дәрігері:
- Эбола ауруын емдеу орталығының қызметкерлері жұмыстың жеңілдегеніне қуанышты. Бұған дейін талдау нәтижесін алу үшін 72 сағат күтуге тура келетін. Жылжымалы зертханалардың арқасында нәтижелер бізге ең көп дегенде 24 сағат ішінде келеді. Кейде небәрі алты сағатта дайын болады.
Эндрю Нсавотебба, дәрігер:
- Диагнозы неғұрлым тез расталған науқасқа ем-дом да тиімді әсер етеді. Дәрігер үшін бұл өте маңызды. Өлім-жітім көрсеткіші төмендейді. Қазірдің өзінде дертпен күрес жұмыстарының нәтижесін көріп қуанып отырмыз.
Бұған дейін эбола және оба дертіне қарсы жұмысты күшейту мақсатында Африка елдеріне мобильді зертханалар Ресейден де жеткізілген. Онымен қоса дәрігерлер мен ғалымдар тобы аттанған еді. Қазір де эпидемиологиялық ахуал күрделі. Ауру әсіресе босқындар лагерінде тез тарап жатыр. Аты жаман дерт мыңдаған адамның өмірін жалмап үлгірді.
Авторы: Арайлым Жақсылыққызы