Швейцариядағы алып мұздықтар жылдам еріп жатыр

Швейцариядағы мұздықтар бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен еріп жатыр. Жыл басынан бері елдегі мұз қоры 5,5 пайызға азайған. Кейінгі бес жылдағы көрсеткіш тіпті алаңдатады.

Мамандар: «Мұздықтардың еруіне қардың аз түсуі мен аптап ыстық себеп», - дейді. 

Альпі тау жүйесінің ең маңызды табиғи байлықтарының бірі болған Швейцарияның мұздықтары жаһандық жылыну салдарынан күрт еріп, жойылу алдында тұр. Табиғи құбылыстармен бірге мұздық апатының қаупі де артып барады.  Биыл елдегі мұздықтар көлемінің 5 пайыздан астамы жоғалды. Ал соңғы 5 жылда мұз қорының шамамен бестен бір бөлігі еріп кетті.

Матис Хусс, GLAMOS ғылыми-зерттеу ұйымының басшысы:

- Соңғы 10 жылда Швейцария мұздықтарының еруі 25-30 пайызын құрайды. Егер 1990 жыл мен 2000 жылдары бұл көрсеткіш 10 пайыз болса, қазір 2-3 есе артып отыр. Бұл құбылысқа қыста қардың аз түсуі мен жазда ауа температирусының рекордтық деңгейге көтерілуі әсер етті. Ал жаһандық жылыну 2022 жылдан бері қатты сезіле бастады.

Мамандардың айтуынша, қар неғұрлым қалың жауса күн сәулесін шағылыстырып, мұзды ыстықтан қорғай алатын қасиетке ие болады. Ал қар жамылғысы жұқарған сайын күн қызуы мұз бетіне тереңірек өтеді. Осылайша, биыл Швейцариядағы ең ірі Алеч мұздығы қарқынды ери бастаған. Ал Цанфлёрон мұздығы бір жылдың ішінде орта есеппен төрт метрден астам қалыңдығын жоғалтты.

Андреас Баудер, Цюрих федералды техникалық университетінің маманы:

- Мен мына бағананы шілде айының соңында орнатқан едім. Сол кезде қардың биіктігі 4 метрден асатын. Ал қазіргі жағдай мынау, бәрі еріп кеткен.

Матис Хусс, GLAMOS ғылыми-зерттеу ұйымының басшысы:

- Мұздықтардың осындай жылдамдықпен еруі бірнеше жыл бұрын ғана мүмкін емес болып көрінетін. Ал енді жаһандық жылынудың әсерін жыл сайын анық байқай бастадық. Бұл – шынымен де алаңдатарлық жағдай. Біз байқап отырған жылыну 100 пайыз адам әрекетінен туындады. Мәселен, егер парниктік газдар шығарылмаса және қазба отындары пайдаланылмаса, қазіргі деңгейдегі жылыну да болмас еді. Сондықтан мұздықтардың еруі адам әрекетінен туындаған фактор екеніне сенімдімін. 

Ғалымдардың есебінше, тек шілде мен қыркүйек аралығында Швейцария мұздықтарынан 2,2 трлн литрге жуық су буланды. Бұл шамамен 9 млн халқы бар елдің жылдық тұтынатын су көлемінен 4 есе артық. Ал Швейцарияда электрқуатының тең жартысы гидроэнергетикадан өндіріледі. Мұздықтар көлемі кішірейген сайын олардың су беретін мүмкіндігі де азаяды. Яғни бүгін еріген су – ертеңгі су мен элект қуаты тапшылығының белгісі болуы мүмкін. Ғалымдар: «Қазіргі климаттық жағдай сақталса, Альпі мұздықтарының ғұмыры да барған сайын қысқара бермек», - дейді. 

Авторы: Арайлым Жақсылыққызы

Сондай-ақ оқыңыз: