Оманның экономикалық әлеуеті артып келеді
Оман – Парсы шығанағы мен Араб теңізінің тоғысқан тұсында орналасқан, стратегиялық маңызы жоғары мемлекет. Елдің теңізге шығатын жолы сауда үшін өте қолайлы. Мұнай мен газ – Оман экономикасының негізгі тіректерінің бірі. Алайда елдің тыныс-тіршілігі бұл салалармен ғана шектелмейді, деп хабарлайды 24KZ.
Қазір көлік-логистика және жаңа технологияға басымдық беріліп отыр. Оман ерекше табиғатымен де танымал. Ресми Маскат табиғи мұрасын сақтауға ерекше мән береді.
Оман – энергетикалық ресурстарға бай әрі теңіз саудасы қатар дамыған ел. Оның экономикасында мұнай мен газдың орны ерекше. Бұған дейін балық аулау, ауыл шаруашылығы мен сауда халықтың негізгі кәсіптерінің бірі болған еді. Бүгінде мемлекет мұнай мен газдан бөлек, жаңа бағыттарды да жан жақты дамытуда. Олардың ішінде туризм, көлік-логистика және жаңа технологияларға ерекше мән берілген.
Қазір Оман экспортының жартысынан көбін мұнай, табиғи газ және мұнай өнімдері құрайды. Елде шамамен 5 млрд баррель мұнай қоры бар. Бұл көрсеткіш бойынша Оман әлемде 24-ші орында. Алайда қазіргі өндіріс қарқыны сақталса, қор шамамен 20 жылға ғана жетуі мүмкін. Сондықтан Маскат экономикасын біртіндеп әртараптандырып, жаңа салаларға басымдық беріп отыр. Соның бірі – логистика. Былтыр бұл салаға 8,5 млрд доллардан астам инвестиция тартылды. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 2 миллиард долларға көп. Сонымен қатар Үнді мұхиты жағалауындағы порттар мен арнайы экономикалық аймақтарды дамытуда. Елдің ірі порттары да осы аумақта орналасқан.
Оман климаты құрғақ келетіндігімен ерекшеленді. Осы себепті елде ауызсудың 90 пайызы теңіз суын тұщыту арқылы алынады. Бірақ елдің ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі суару жүйелері әлі күнге дейін қолданыста. «Афладж» деп аталатын бұл жүйелер ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне енген. Оманның тарихи мұрасы мұнымен шектелмейді. Елде көне қамалдар, бекіністер мен дәстүрлі елді мекендер де жақсы сақталған.